Коворкинг: Бірыңғай электронды кітапхана базасы құрылады
Ел астанасындағы жергілікті кітапханалар коворкинг орталықтарға айналуы мүмкін. Рухани ордаларды жабуды ұсынған елордалық мәслихат депутаттары «заманына сай – адамы» деп отыр. Олар бір жағынан, кітапханаларға қазынадан жылына 340 миллион теңге бөлінетінін айтып күйінеді. Депутаттардың пікірінше, қазір кітапты жастанып жатып оқитындар, тіпті мәдени орынға баратындар қатары аз.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.09.2020
Сонымен кітапханалардың алдағы жай-күйі қалай болмақ? Бастама авторлары мен жергілікті биліктің жауабын тілшіміз тыңдап келді.
Кітап оқу әркімнің жан қалауы. Бірі интернетке телміріп, электронды кітап оқуды қаласа, бірі кәдімгі кітапты оқығанды жөн көреді. ЮНЕСКО ұйымының ұйғарымына сәйкес, 10 мың тұрғынға бір кітапханадан болуы шарт. Ал елордада миллион тұрғынға тек 18 кітапхана. Қалада шоғырланған 18 кітапхананы жауып, оны қайтадан жаңалау керек деген әңгімені мәслихат депутаттары қаузады. Айтуларынша, бүгінде мекемелер ескірген күйде, жұмыс істеуі де заманға сай емес, 70 мыңдай адам ғана кітапханаға тұрақты барады екен. Сондықтан да рухани ордалар коммерциялық бағыт ұстауы тиіс.
Мирас Шекенов, Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты:
- Менің ұсынысым бұрынғы форматтың көзін жойып, осы кітапханаларды қоғамдық орталықтар немесе коворкинг орталықтармен алмастыру. Яғни жұмыс форматын қайта құру. Көпшілік маған «кітаптарды өртеп жібер» дп мысқылдап пікір айтып жатыр. Бірақ бұл жерде айтып жатқаным басқа нәрсе. Бастысы, адамдар көп оқысын деген ниет. Кітапханаларды заман талабына сәйкестендіру.
Халық қалаулысы тіпті 18 кітапхананың шығынын да есептеп қойыпты. Қала қазынасынан жылына 340 миллиондай теңге кітапханашылардың жалақысы мен мекемелерді күтіп-ұстауға жұмсалады екен. Ал бұл қомақты қаржыны құлағы шалған елордалық кітапханашылар аң-таң. Алайда олардың басын қатырып жатқан дүние мүлдем басқа. Сөйтсек қала әкімдігі кітапханаларды ұлттық мұрағатпен қосқысы келеді екен. Басқаша айтсақ, барлық қызметкер бір жерге топтасады, ал 18 нысан босап қалады.
Гүлнар Айдарқызы, №5 көпшілік кітапхана қызметкері:
- Мемлекеттік архивке қосып кітапхананы... Кітапхана одан жетілмейді. Кітапхана архив ретінде қалады. Оған қомақты қаржы да бөлінбейді. Жаһанданбайды, жаңармайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл да ақылға сыймайтын мәселе деп ойлаймын. Жалпы кітапханаға жеке көңіл бөлу керек.
Депутаттың айтқанына оқитын қоғам дүр сілкінді. Кітапты сандық жүйеде де, дәстүрлі қалыптан жаңылмай оқитындар да кітапханаға болысып жатыр. Маңғыстаудан елордаға келген Қыдырқожа Елдесбаев үйінің жанындағы кітапханаға қонақтап жүр. Оқырман: «Кітапханаларды жабу – ақылға қонымсыз іс», - дейді. Бірақ цифрландыруға қарсы емес.
Қыдырқожа Елдесбаев:
- Балалардың көбі интернетке кетіп қалды. Кітап оқитын адамның азайып кеткені рас. Бірақ мына байлықты қалай лақтырып тастайсың? Көңілі сүйетін, жақсы көретін, бұрын оқып үйреніп қалған адам оқи берсін. Не себептен жабуымыз керек? Кітапхананы жабуға болмайды. Бар байлық, ақылдың бәрі – кітапта.
Әкімдік бұқараның ашуын бірден су сепкендей басты. Депутат Мирас Шекеновтің ұсынысы қабылданбапты. 133 адам жұмыс істейтін кітапханалар жабылмайды. Шенеуніктердің таратқан ресми ақпарына сәйкес, цифрландыру бойынша жұмыстар жалғаса береді, жаңа технологиялар енгізіліп, бірыңғай электронды кітапхана базасы құрылмақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!