Ақтау: Басына оқ тиген сарбаз жарытып ештеңе айтпады
Ақтауда басына оқ тиген сарбаздың денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Дәрігерлер оқу-жаттығу барысында жарақат алған 19 жастағы жігітке жасалған ота сәтті аяқталғанын жеткізді. Осыған дейін әлеуметтік желіде Ақберен Кәрімовтің аяғы тайып, басына оқ кіріп кетті деген ақпарат тараған. Ал қылмыстық іс қозғаған құзырлы орган мән-жайды қызметтік тексерістен кейін бір-ақ айтамыз деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.09.2020
Басынан жарақат алып бір ажалдан аман қалған Ақберен Кәрімовтың қазір жүрісі ширақ. Алайда ұлттық ұлан сарбазы сөзге шорқақтық танытты. «Сол сәт есімде жоқ» деп, жарытып ештеңе айтқан жоқ.
- Ақберен, ол жағдай қалай болды?
- Қалай жазылып тұр, солай болды.
- Біз оның қалай болғанын жөнді ұқпадық. Өзің айтып берші
- Айта алмаймын.
- Неге? Сол жерде сен болдың ғой, өзің аттың ба, әлде басқа біреу атты ма, қалай болды?
- Мен де білмеймін оны...
Айта кетейік, өткен аптада оқу-жаттығуда Ақберен ату алаңынан түйелерді қуам деп жүріп басына оқ тиген. Күп күттірмей оған ота жасаған дәрігерлер оқ бас сүйекке зақым келтірмегенін айтады. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген дәрігерлер: «Оқ сәл қиыс кеткенде, сарбаздың жағдайы мүшкіл болатын еді», - деп отыр.
Гельман Чагай, Маңғыстау облыстық ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Басындағы оқты алдық. Оның бас сүйегі мен миын толық тексердік. Бірақ теріге кірген оқ бас сүйекке жетпеген. Сондықтан оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында.
Ал оқыс оқиға күні Ақберен аяғы тайып кетіп құлап қалғаны және соның салдарынан басына әлдебір зат кіріп кеткен деген деректер тараған. Алайда Ұлттық ұлан бұл ақпаратты не жоққа шығармады, не растаған жоқ. Қазір аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, 3502 әскери бөлімінде қызметтік тексеріс басталды.
Любовь Подковырова, Ұлттық ұланның әскери полиция бөлімінің бастығы:
- Қазір ҚК 462-бабы, 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. 24-қыркүйекте жедел-тергеу тобы құрылған. Қазір болған оқиғаны жан-жақты талдап, кінәліні анықтау бойынша жұмыс жүріп жатыр. Тергеу құпиялығына байланысты толық мәлімет айта алмаймын.
Дәрігерлер сарбазды аптаның соңында ауруханадан шығару жоспарда бар екенін жеткізді. Ал Ақберен дәл туған күнінде болған оқиғаны есіне алғысы келмейді. Төл мерекесі шым-шытырықпен аяқталғанына қарамастан, 19 жастағы жігіт: «Әскерде ары қарай келісім-шартпен қалғым келеді» деп, ағынан жарылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!