{metadescription}
Заң жобасы: Мүлікті сақтандыруға міндеттеуі мүмкін
Заң жобасы: Мүлікті сақтандыруға міндеттеуі мүмкін

Заң жобасы: Мүлікті сақтандыруға міндеттеуі мүмкін

Мүлікті сақтандыру міндеттелуі мүмкін. Елімізде осындай заң жобасы қарастырылып жатыр. Ол қолданысқа енсе, тұрғындар үй-жайын сақтандыру компаниялары арқылы рәсімдеуі керек. Бірақ оның төлем мөлшері белгісіз. Белгілісі, кімнің үйінде өрт шығу қаупі көбірек болса, сақтандыру ақысы да соғұрлым көп болады.

Төтенше жағдай министрлігі осындай заң арқылы жұртты өрт қауіпсіздігі ережелерін бұлжытпай орындауға ынталандырмақ. Бірақ министрліктің бұл бастамасы елдің көңілінен шықпай отыр.

Төтенше жағдай мамандары жылда жылу маусымы басталар шақта пеш жағатын жұртты бір аралап шығады. Жер үйлерге жеке-жеке кіріп, өрт қауіпсіздігі ережелерін ескертеді. Ошақты ақтау, мұржаны тазалау, жанғыш, не электр құралдарын пештен аулақ ұстау және т.б. Бірақ соның өзі сақталмайды.

Бір елорданың өзінде биыл 399 өрт болып, 12 адам ажал құшқан. Қауіп ошағы қашанғыдай негізінен жер үйлер. «Жағдайды оңалтудың жолы» деген төтенше жағдайлар министрлігі мүлікті сақтандыруды енді міндеттемекші. «Себебі, адам өз үйінің өртенуіне өзі себепші болса, неге оның өтемін мемлекет төлеуі керек?» - дейді мамандар. Сондықтан осындай заң енгізу арқылы жұртты қауіпсіздік ережелерін сақтауға ынталандырмақшы. 

Еркін Отарғалымұлы, Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД басқармасының басшысы:

- Егер де өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамасаңыз, пешіңізде ақау бар болса, электр желілерінде ақаулық болса, онда төлейтін сомаңыз да соған сәйкес өседі. Осы тұрғынға пешіңізді жөндеңіз, электр желілерін жөндеңіз деген сияқты кеңес беріліп, бұл тұрғын келесі жылғы төлемге дейін осы қауіпсіздік бұзушылықты жөндейді.

Ал өзі жер үйде тұрса, өртке барынша қауіпті үй болса, онда сол үйдің жағдайының да келісіп тұрғаны шамалы. Нарық онсыз да қымбатшылыққа ұрынып жатқанда, бұл тұрғындардың ешкімге артық ақша төлегісі жоқ.

Раушан Әпендина, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Онсыз да салық төлейсің, отын да қымбат, тамақ та қымбат. Жұмыс жоқ. Жасымыз зеткетке жеткен жоқ, балалардың жалақысына қарап отырмыз. Жалақылары өте төмен. Немерелеріміз бар. Сондықтан қарсымыз.

Қалтаға қосымша салмақтан бұрын, жұрттың сақтандыру жүйесіне сенімі аз.  Өйткені үй-жайы өртенсе, оған түрлі сараптама жасатып, кінә өзінен емес екенін сақтандыру компаниясының алдында дәлелдеп шығу керек. Олардың да миллиондаған ақшаны бірден бере салуы неғайбыл. Онсыз да тұрмыс тауқыметін тартып жүрген адамға бұл оңай шаруа емес.

Ал қаржы мамандары мәселенің түп-төркінін арыдан көреді. Олардың ойынша, бұл бюджет жыртығын жамаудың қамы. «Төтенше жағдайлар саласына қаражат жетіспегендіктен, оның есесін сақтандырудан тапқысы келеді», - дейді.

Расул Рысмамбетов, қаржы кеңесшісі:

- Қызметкерлердің жалақысы мен төтенше жағдай саласына қажет қаражатты елдегі бүкіл баспана санына бөле салады. Сөйтіп есебін шығаруы мүмкін. Тек әу дегеннен елдің наразылығын тудырмас үшін аз мөлшерде қоюы мүмкін. Дегенмен мемлекеттің әлі нақты жоспары жоқ сияқты. 

Мамандардың айтуынша, жалпы сақтандыруды міндеттеу керек. Дамыған елдерде бәрі сақтандырылады. Бірақ бұл заң енгізілсе, біздегі бағасы тым қымбат үй нарығы одан сайын ышқынып кетеді деген қауіп бар.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.