Сот: Жомарт Ертаев соңғы сөзінде кешірім сұрады
Жомарт Ертаев соттағы соңғы сөзінде кешірім сұрады! «РБК банкінің» 144 миллиард теңгесін талан-таражға салды деп айыпталған экс-банкир судьядан тіпті өзін босатуды өтініп отыр. Айтуынша, егер сот залынан босап шықса, ұрланған миллиардтарды соңғы тиынына дейін қайтарып беруге дайын.
Автор: Аруна Ортай
28.09.2020
Десе де үлкен қылмысқа қатысы бар делінген басшылардың барлығы бірдей Ертаев сияқты «жаздым-жаңылдым» деп отырған жоқ. Керісінше, өздерін сүттен ақ, судан таза санап, соттан ақтап шығуды талап етті. Бақандай 700 томға арқау болған атышулы қылмыстық процесстің ең соңғы отырысы қалай өтті?
Үкімі жақындаған сайын экс-банкир де тыпырши бастаған секілді. Әдетте аз сөйлеп, жауабын қысқа қайырып отыратын Жомарт Ертаев бүгінгі процесте ұзағынан көсілді. Сотта соңғы рет сөз алған экс-басшы «түйе сұрасаң, бие береді» деді ме, судьядан жазасын жеңілдетуді емес, бірден бостандық сұрады.
Жомарт Ертаев, айыпталушы:
- Үш жылдан астам уақыт қамауда отырғанымды, істеген ісіме өкінетінімді, шығынның едәуір бөлігін төлегенімді ескеріп, мені бостандығымнан айырмауыңызды сұраймын, құрметті судья! Ақшаны көріп, жолдан тайдым. Өкінгеніммен, еш нәрсе өзгерте алмаймын. Бірақ барлықтарыңыздан шын жүректен кешірім сұраймын.
Ертаевтың сыбайласы әрі басты күдіктілердің бірі Игорь Мажинов те кінәсін мойындап, соттан кешірім сұрады. Бастапқы сот отырыстарында жарқын-жарқын сөйлеген банктің экс-басшысы соңғы отырыста әбден "жуасып" қалған екен.
Игорь Мажинов, айыпталушы:
- Мен болған жағдайға қатысты кешірім сұрағым келеді. Қатты өкінемін, кешіріңіздер.
Бірақ Ертаевқа 144 миллиард теңгені талан-таражға салуға көмектесті деп айыпталғандардың барлығы бірдей кінәсін мойындап отырған жоқ. Мәселен, Марпу Жақұбаева – Ертаевтан кейінгі басты күдіктілердің бірі. Тергеу мәліметінде ол қайтарымсыз несиелерді рәсімдеуге белсене араласқан. Дегенмен Ертаевпен бір кеңседе отырып, тоғыз ай бойы бір есіктен кіріп-шықса да, «өмірімде екі-ақ рет көрдім» деп міз бақпай отыр.
Марпу Жақұбаева, айыпталушы:
- Бір-екі рет телефонмен тілдескенмін, екі рет көріскенім болмаса, Ертаевпен байланысқан емеспін. Барлығын Ертаев пен Туғанбаев бірлесіп жасаған. Банктегі тоналған қаржы туралы тергеу басталғанда бір-ақ білдім. Мен кінәмды мойындамаймын, себебі: банктен ақша ұрлаған жоқпын. Ол несиелерге менің қатысым жоқ. Мені жазықсыз айыптап жатыр.
Онлайн сот отырысында Ертаевтың 36 сыбайласы қақ бөлінді. Бір бөлігі – кінәсін мойындап, соттан бостандығынан айырмауды сұраса, енді бір бөлігі – кінәсіздігін айтып, сотты сендірмек болды. Оларға үкім апта соңына дейін шығып қалуы мүмкін. Атышулы іс осымен үшінші жылға жалғасып келеді. Айыпталушы орындығында 37 адам отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!