{metadescription}
Өлтірді ме? Алматыда тергеліп жатқан азамат өзіне қол салды
Өлтірді ме? Алматыда тергеліп жатқан азамат өзіне қол салды

Өлтірді ме? Алматыда тергеліп жатқан азамат өзіне қол салды

Алматыда алаяқтық бабымен тергеліп жатқан азамат бесінші қабаттан секіріп мерт болды. Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратына өз аяғымен кірген Ерлан Қоныспаев оқиға орнында қаза болған. «44 жастағы азамат қолына кісен салып қамауға алатын кезде терезеден қарғып кетті», - дейді тергеушілер.

Алайда марқұмның әкесі «ұлымды бесінші қабаттан лақтырып жіберді» деп отыр. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана істің әділ тергелуін сұрап президентке үндеу жолдады. Мемлекеттік мекемеде болған өлімнің ақ-қарасын тілшіміз анықтап көрді.

Алматы қалалық тергеу департаментіне өз аяғымен кірген Ерлан Қоныспаевтың ғимараттан өлі денесі шықты. 22-қыркүйек күні марқұмды тергеушілер адвокатымен бірге сұрақ-жауап алуға  шақыртқан. 44 жастағы азамат «аса ірі көлемде алаяқтық жасады» деген күдікке іліккен. «2016 жылы білім министрлігінен 230 миллион теңгеге грант ұтып алып, қыруар қаржыны мақсатсыз жұмсап жіберген», - дейді құзырлы орындар. Сондықтан тергеуші оны уақытша қамауға алу туралы шешім шығарып, қолына кісен салмақ болған. Осы кезде күдікті бесінші қабаттың ашық тұрған терезесінен секіріп кетіпті.

Жақсылық Мырзахан, Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі:  

- Тергеу амалдары бастан-аяқ қорғаушысының қатысуымен өтті. Барлық хаттамалар толтырылып, қол қойылып, сол кісі күдікті ретінде ҚР ҚК 128-бабымен қамауға алу және уақытша тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарылған. Осы кезде ыңғайлы сәтті пайдалананып, бесінші қабаттан секіріп кеткен.

Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері «ол бұрын да сотталған» дейді. 2012 жылы да алаяқтық бабымен жазасын өтеген көрінеді. Алайда Ерлан Қоныспаевтың әке-шешесі баласының өзі секіріп өлгеніне сенбейді. Қайғыдан қан жұтқан ата-ана «оны тергеушілер терезеден лақтырып жіберді» дейді. Өйткені оның құлаған сәтін жанында жүрген  қорғаушысы да көрмепті. Сол сәтте адвокаты дүкенге шығып кеткен екен. «Францияда оқып бес тіл меңгерген азамат өзін өлімге қимайды» деп отыр марқұмның әкесі.

Сапарғали Қоныспаев, марқұмның әкесі:

- Уақыт өткен сайын менің ұлымды Исаевтың терезеден лақтырып жібергеніне кәміл сене бастадым. Өз бетімен секіруі мүмкін емес. Баласы екі жасқа келген жоқ. Бір ұлы мектепке жаңа барды. Қызы 5-сыныпта оқып жүр. Ондай адам өмірден өзі кете ме? Балаларымды жеткізем деген үлкен жоспары болатын. Ұлымның қасында жүрген адвокат келіп, былай деп айтты: «Мен дүкенге барып, СИЗО-ға су, темекі алуға шыққанда секіріп кетіпті».  

Мемлекеттік мекеме ғимаратында болған қылмысты қазір жемқорлыққа қарсы агенттік тергеп жатыр. Алайда «қарға-қарғаның көзін шұқымайды» деген әке әлеуметтік желі арқылы президентке үндеу жолдап, ұлының өліміне кінәлілердің қатаң жазалануын талап етуде.

Қазір 44 жастағы марқұмды сұрақ-жауаптың астына алған тергеушінің өзі тергелуде.  Оны уақытша қызметінен шеттеткен. Сондай-ақ аталмыш оқиғадан кейін еліміздің барлық экономикалық тергеу департаменттерінің үстіңгі қабаттағы терезелеріне темір тор орнатып, тергеушілерді астыңғы қабатқа отырғызу туралы нұсқау түскен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.