Есепшінің қателігін қызметкерлерінен өндіріп алмақ – Нұр-Сұлтан
Нұр-Сұлтанда әлеуметтік қызмет көрсету орталығының 31 қызметкері артық төленген ақшаны қайтарудан бас тартты. Сөйтсе маусым мен шілдеде әрқайсының жалақысына әдеттегіден көбірек теңге түскен екен. Мұны «есепшінің жіберген қателігі» деп түсіндірген басшылық енді сол ақшаны қызметкерлерінің айлығынан өндіріп алмақ. Бұған жұмысшылар үзілді-кесілді қарсы. Олардың уәжін тілшіміз тыңдап келді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
29.09.2020
«Шарапат» деп аталатын қарттар үйінің қызметкерлері кезекті еңбек демалысына барып қайтып, енді басы қатып жүр. Алғашында түскен ақшаны көріп қуанған. Сөйтсе қате есеп бөлімінен кетіпті. Енді басшылық «артық ақшаны кері қайтарыңдар» деп талап қойып отыр.
Гүлдариға Махметова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы:
- Негізі сол кезде демалыс алып, «сендер көп шығарыпсыздар» деп бухгалтерияға барған кісілер болған. Маусым, шілдеде демалыс алған кезде. Олар «дұрыс, дұрыс» деп шығарып салды да, енді «бағдарлама қателесті» деп, бәрімізден жаңа жылға дейін ақшаны ұстайын деп отыр.
Гүлдариға Махметова қарттар үйінде 10 жылдай жұмыс істейді. Әуелгі кездегі айлық табысы 13 мыңның маңайында болған. Жұмысқа тұрғанына, әйтеуір тұрақты табысқа іліккенін шүкір еткен. Бұған дейін жұмысының қаншалықты дұрыс бағаланғанына бас қатырмапты да. Әріптестері де солай. Ал аталмыш жағдай істеген еңбектерін бағамдауға итермелеген.
Алма Сұлтанбекова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы:
- 142 169 теңге қолыма алдым. «102 мың теңгені қайтар» дейді маған. Сонда менің демалысым 38 мыңға шыққаны ма? Қайтармаймын. Ол ақшаны қайтару үшін қол қоятын шығармыз. Егер олай болмаса, соттасамын.
Қарттар үйінің басшылығы қызметкерлерінің есепшотына аударылып кеткен артық-ауыз ақшаны есеп қосымшасының кесірі деп отыр. Бірақ қызметкерлердің барлығы жыл соңына дейін сол қаржыны кері қайтаруға міндетті.
«Ісіне салғырт қараған бухгалтерлер де жауапсыз қалмайды», - дейді басшылық.
Рысты Баймағамбетова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:
- Ол кісілер жазаланады! Неге жазаланбайды?
- Қалай жазаланады?
- Ол кісілер сөгіс алады. Адам болғаннан кейін олар да қателік жіберген. Бухгалтер осы қателікті мойындап, жұмысты аяқтау керек. Ол кісіні жұмыстан алып тастасақ, жеңіл болар еді. Бірақ ол сөгіс алып, бар қателікті дұрыстауы тиіс. Дұрыс шешімге келуге тиіспіз.
Қарттар үйінде 246 қызметкер бар. Әзірге белгілісі, 31 маманға демалыс ақысы артығымен аударылған сома 900 мың теңгеден асып жығылады. Енді басшылық бұл қаржыны қызметкерлердің төрт ай ақысынан өндіріп алмақ. Бірақ заң бойынша, қызметкерлердің артығымен аударылған ақшаны қайтармауға толық қақысы бар екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!