Сүйген қызымен қатынаста болған бозбала сотталуы мүмкін – Ақтөбе
Ақтөбеде өзінен екі жас кіші қызға ғашық болған бозбала қамауға алынды. 17 жастағы Нұрасхан Тынымжановқа тағылған айып – ауыр. Бесіктен белі шықпай жатып үйінен қашқан қос ғашық жыныстық қатынасқа түскен. Енді он алтыға толмаған сүйіктісімен төсектес болғанына тергеліп жатыр. Бірақ екі оқушының да ата-анасы бозбаланың жазаланғанын емес, керісінше, некеге тұрғанын қалап отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
29.09.2020
Ақтөбедегі лицейлердің бірінде оқитын Нұрасханның анасы күндіз күлкісінен, түнде ұйқысынан айырылған. Тұңғышының ерте есейіп махаббат машақатына түсерін мүлдем ойламапты. Жарты жыл бұрын өзінен екі жас кіші сүйіктісін анасына таныстырып, үйленгісі келетінін айтады. Бірақ оқушылардың бұл қылығын құптамаған. Содан бері қос ғашық үш рет үйінен қашады. Өз еркімен жыныстық қатынаста болып, енді сол үшін 17 жастағы бозбала айыпталып отыр. Кәмелет жасына жетпеген қызбен төсектес болғаны үшін жазаланбақшы.
Анар Қошанова, Нұрасханның анасы:
- Менің балам педофил емес. Менің балам шын ниетімен сүйген адам. Менің қызым Ақниет жылап тұрып айтты. «Апа, бізді қосыңыздар» - деп сұрады екеуі де. Біз екі баланың обалына қалып отырмыз, шынын айтсам. Балам жазықсыз кетіп бара жатыр. Кетіп қалды. Қазір изоляторда отыр.
Тәртіп сақшылары бозбалаға қарсы қыздың анасы арыз түсіргенін айтады. Соның негізінде іс қозғалған.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Анасының арызы бойынша ҚР ҚК-нің 122-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс аяқталып, қазір ол облыстық прокуратураға жіберілді. Күдікті қамауға алынды. Себебі, аталған қылмыс аса ауыр қылмыс түріне жатады. Сондықтан күдікті қамауға алынды.
15 жастағы қыздың анасы өзі жазған арызға өкініп отыр. Жасына қарамастан қос ғашықты қосуға әзір. «Нұрасханды түрмеден босатса, келер жылы қызымды соған ұзатар едім» - дейді.
Қыздың анасы:
- Екі баланың балалығы болды. Бір-бірін жақсы көргендіктен қашты. Жыныстық қатынасқа түскен екен. Бір-бірін жақсы көретінін білемін. Қарсы емеспін. Балаға обал. Бәлен жылға сотталып кету – обал.
17 жастағы Нұрасхан Тынымжановқа педофилдерге тағылатын айып белгіленген. «Жастарды жазаламай, керісінше, қолдау керек», - дейді қоғам белсенділері. Ал қос ғашықтың аналары құзырлы органдардың табалдырығын тоздырумен жүр. Егер тағылған айып бойынша үкім шықса, бозбала 10-15 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!