Карантин талабын бұзған түнгі клуб қара тізімге енді
Елордадағы түнгі клубтардың бірі 8 рет карантин талаптарын бұзған. Олар белгіленген жұмыс кестесін елемей, бетперде тақпай, әлеуметтік арақашықтықты ұмытқан. Ал зал мен би алаңындағы адам саны 50-ден әлдеқайда асып кетіпті. Шаһардың бас санитар дәрігері клуб иесін қаскөй тәртіп бұзушылардың қатарына қосып қойды.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
29.09.2020
Карантин талаптарына қолын бір сілтеген тек бұл клуб емес. Ережелерге басқа да мейрамханалар, қоғамдық тамақтану орындары мұрнын шүйірген. Тіпті қомақты айыппұлдың өзі кәсіпкерлерді тәртіпке сала алмай жатыр. Шілдеден бері елордалық кәсіп иелері мен тұрғындарға 550 айыппұл салынған. Жалпы сомасы 122 миллион 556 мың теңгеден асады. Карантин ережелерін мектептер де сақтамаған. 31 білім ордасын тексергенде заңбұзушылықтар анықталған. Мектеп ұжымы мен ата-аналар бетперде тақпағаны үшін мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Шенеуніктер: «Әлі де босаңси берсек, шектеу шарасын қатаңдатуға мәжбүрміз боламыз» - деп ескертті.
Жанна Пірәлиева, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:
- Біз бірнеше рет халықты бетперде тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу туралы қарапайым талаптарды орындауға шақырдық және де шақырамыз. Егер де біз осы талаптарды елемей, әрі қарай осылай жұмыс істей берсек, біз жаздағы, өткен маусымға қайта оралуымыз мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!