{metadescription}
Первомай тоғаны жекеге сатылып, қоқыс полигонына айналған
Первомай тоғаны жекеге сатылып, қоқыс полигонына айналған

Первомай тоғаны жекеге сатылып, қоқыс полигонына айналған

Алматы облысында лотос гүлі өсетін атақты Первомай тоғаны қоқыс полигонына айналып барады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әлдекімдер жаз бойы судың жағасын құрылыс қалдықтарына толтырған. Тіпті жағада жер таусылған соң, қоқысты тоғанға төгуге көшіпті. Тұмса табиғаттың құрдымға кетіп бара жатқанына шыдай алмаған халық әкімдікке талай шағымданған. Алайда шенділер су жағасының сатылып кеткенін айтып қол қусырып отыр.

Бұл жерде бұрын қызғалдақтар, бәйшешектер – неше түрлі гүлдер жайқалып, құлпырып өсіп тұратын. Ал суында жаз сайын лотос бүршік аттатын. Алайда тұрғындар енді гүл түгілі, тоғанның өзін таппай қалайын деп тұр. Себебі, тау боп үйілген құрылыс қалдықтарынан аяқ алып жүре алмайсың. Табиғатты ластағандар қоқыстың жартысын топырақпен көміп тастаған. Ал жағаға сыймағандары суда жатыр. Первомай тоғаны ескек есушілердің жаттығатын орны. Сондықтан қоқыстың зардабын спортшылар да тартып жатыр.   

Бақытжан Паттаев, «Ардагер» саяжайының тұрғыны:

- Түнде машиналармен қоқыстарын әкеліп, осында төгіп, таңертең топырақпен жауып, көлге дейін ластап жатыр. Қасақана, әдейі! Жаттығу жасап жүрген спортшы балалар туралы айтатын болсам, ол балалар суға құлайды немесе суға шомылғанда денелеріне қызыл дақтар, ауру шығып, зақымданып жатыр. Адам ауырып жатқанда, індетте, өсімдіктер қурап, өспей қалып жатыр.

Тұрғындардың түсіріп алған видеосы. Кадрде трактор жағаға тасталған қоқысты тоғанға қарай ысырып тастауда. Мұнда қоқыстың түр-түрін кездестіресің. Пластикалық терезе қалдықтарынан бастап, Ковид-қа арналған санитарлық кітапша да бар. Қоқыстың арасынан құжат таптық. Пластикалық терезе мен үстелдерді өндірушіге тиесілі болса керек, тіпті компанияның аты да жазылған. Табиғатты ластаушылар өздерін ұстап бергендей. Алысқа бармай-ақ, осы арқылы тапса болады.

Жергілікті әкімдік тоғанға қоқыс тастап жатқандарды атын атап, түсін түстемегенімен, жердің иесін айтты. Су жағасы сол кәсіпкерге сатылған екен. Сондықтан «сұрақ та соларға» деп, жауаптан жалтаруға тырысты.

Мақсұт Шанышқұл, Ащыбұлақ ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:

Бұл ксілерге мемлекеттік актілер берілген. Сөйтіп жерді сатып алған. Шамамен 3,5 гектар жер. Қожайыны сол, бір адам. Осы жерден бастап мына жаққа дейін. Юсупова Гүлизар деген кісінің жері бұл.Бұл жер өндірістік базаға арналған жер телімдері. Мынау жерге құрылыс жұмыстары жүргізіледі, не зауыт салатынын мен нақты білмеймін. Ол туралы жердің иесінен сұрайсыздар.

Тұрғындардың табиғат аясы деп жүргені, өндіріс аумағы боп шықты. Жекеге өтіп кеткен жерде жақын күндері құрылыс басталатын көрінеді. Бірақ атқамінерлер тоғанның түбіне қандай зауыт салынатынын ашып айтпады. Осы тоғанның төңірегінде облысқа белгілі бір емес, бірнеше демалыс кешені орналасқан.    

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде