Семейде ат таптап өткен бүлдіршінге көмек қажет
Семейде ат тұяғынан зардап шеккен төрт жасар баланың жағдайы ауыр. Аула сыртында ойнап жүрген оны үркіген жылқы үстінен басып өткен. Содан ауруханаға жеткізілген бүлдіршін бірнеше күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Оның әке-шешесі бұл іске немқұрайлы қараған жергілікті тәртіп сақшыларына өкпелі. Олардың айтуынша, полиция қызметкерлерінің жылқының иесін табатын түрі жоқ.
Автор: Ұлан Нұрахмет
30.09.2020
Оқиға «Шығыс» кентінің саяжайында болған. Көшенің жиегінде жайылып жүрген жылқы үркіп, ойнап жүрген балаларға қарсы шапқан. Сол мезетте арасындағы ересек балақайлар қашып үлгеріп, төрт жасар Александр Вангер аттың астында қалған. Олбірден жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіліп, ауыр жарақат алған балақайға дәрігерлер екі мәрте ота жасаған.
Светлана Шац, А. Вагнердің анасы:
- Дәрігерлер баламның жағдайын ауыр деп бағалады. Бауыры зақымдалған. Оның үстіне қабырғасы сынып, ішіне қан кеткен. Төрт күн жансақтау бөлімінде жатты. Содан бері бір апта уақыт өткенімен, жылқының иесін көрмедік. Ал баламның аяққа тұруына қыруар қаржы керек. Бізде дәрі-дәрмекке де ақша жоқ.
Осылайша олар істі сиырқұйымшақтандырып жіберген тәртіп сақшыларына өкпелі. Олардың айтуынша, жергілікті құқық қорғау органы жануардың иесін іздеуге құлық танытпаған. Ал қараусыз көше кезген үйір жылқы қысы-жазы жұрттың мазасын алуда.
Жұмағали Жұматаев, көршісі:
- Осы жерде ылғи жылқылар жүреді. Осы арадан былай да, былай да өтеді, ешкім қарамайды. Бұның бақташысы болуы керек қой.
Тәртіп сақшылары саяжай арасын кезген жылқылардың иесін іздеп жатқанын айтады. Олардың мәлімдеуінше, малының баланы басып өткені дәлелденген күнде ғана ол әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеуі тиіс.
Бірақ жұрт полиция қызметкерлерінің сөзіне сенбейді. Себебі, бұған дейін де жылқылар автокөлікті зақымдағанда, іс жылы жабылған екен. Сондықтан олар тағы да көзбояушылық бола ма деп алаңдаулы. Ал ауруханада қызуы түспей жатқан бүлдіршінге үшінші мәрте ота жасалуы керек. Ал әке-шешесі оның толық жазылуына қаржылай көмек қажеттігін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!