Доллар күн санап қымбаттап бара жатыр
Елімізде күн санап доллар қымбаттап бара жатыр. АҚШ валютасы бүгін ақша айырбастау бөлімшелерінде 432-435 теңгеден сатылуда. Ал еуро 508 теңге 50 тиынға жетті. Ал Ресей рублі кешелі бері арзандауда.
Автор: Диас Нұрақын
30.09.2020
Валюта нарығындағы өзгерісті мамандар мұнай бағасының төмендеуімен түсіндіреді. Себебі, Брент маркалы қара алтынның бір баррелі 40 долларға дейін түскен. «Коронавирустың екінші толқыны басталады» деген қауесет осылайша шикізат нарығына әлден-ақ әсер етуде. Валютасы девальвацияға ұшырап жатқан жалғыз біздің ел емес. Қыркүйектің басынан бері түрік лирасы 6,7 пайызға, Бразилия мен Мексика валюталары 2,6 пайызға арзандаған. Ал Ресей рублі тіпті құнын жоғалтты. Соңғы бір айда рубль 6,6 пайызға арзандап, айырбастау бөлімшелерінде 5 теңге 50 тиыннан сатылып жатыр. Таулы Қарабақ пен Беларусьтегі жағдай тұрақталмаса, көрші елдің ақшасы бұдан да арзандайды деген болжам бар.
Арман Бейсембаев, қаржы сарапшысы:
- Белорусьтегі наразылық, Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыс шешілмесе, рубльмен бірге теңге де әлсірей береді. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресейге қатысты барлық жағдай бізге де әсер етеді. Бірақ теріскейдегі көршінің экономикасы Қазақстанға қарағанда қуатты. Сондықтан әлемдегі геосаяси жағдай тұрақталмаса, ұлттық валютамыз бұдан әрі құнсыздануы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!