Алматы: Жер үйдегі алапат өртте ағайындылар ажал құшты
Алматыда жер үйде болған алапат өрт екі адамның өмірін жалмады. Тілсіз жау үйдегілер шырт ұйқыда жатқан кезде тұтанған. Өрттен 32 жастағы жігіт пен оның 15 жастағы інісі ажал құшты. Ал 71 жастағы үй иесін учаскелік полиция от арасынан аман алып шыққан.
Автор: Салтанат Шырынхан
02.10.2020
Қызыл жалын түн ортасында қаннен-қаперсіз жатқан жұрттың үрейін алды. Алауды ауыздықтаған төтенше жағдай қызметкерлері тілсіз жау «темекіден тұтанды» деген болжам жасады. Өйткені 32 жастағы азаматтың мәйіті ауладағы көлігінің ішінен табылған. Аалапат өрт үйді де шарпып, шырт ұйқыда жатқан 15 жасар жасөспірім де ажал құшты.
Каркастан салынған үй әп-сәтте отқа оранып, шатыры ортасына опырылып түскен. Қызыл жалынның күшті болғаны соншалық, дүние-мұліктің сау-тамтығы қалмаған. Тілсіз жау жапсарлас үйлерге жайылмапты.
Асхат Тоқараев, Әуезов аудандық ТЖД бөлімінің бас маманы:
- Бір қабатты екі тұрғын үйдін, сонымен қатар гараж Mitsubishi автокөлігі жанған. Өрт сөндіру бөлімшесі қасында тұрған үй тұрғындарына өрт болдырмауға, таралып кетпеуіне бірқатар шара қолданды.
Бұл көріністерді қара жамылған үйдің көршілері ұялы телефонға түсіріпті. Өрт 180 шаршы метр аумаққа тараған. Оттың тұтанғанын «алғашында байқамадық» деген олар, лаулап жанған дыбысынан шошып ояныпты.
Дана Өсжан, көршісі:
- Түнде қатты дыбыстан оянып кеттім. Терезеге қарасам, қып-қызыл өрт. Жүгіріп көшеге шыққанымда, полицей үйдің ішіндегі үлкен кісіні әзер алып шықты. Одан кейін ішке кіру мүлдем мүмкін болмады. Өйткені барлық жер отқа оранып жатты.
Тілсіз жаудың нақты себебі сараптамадан соң белгілі болады. Алайда құтқарушылар жыл сайынғы жүргізетін жұмыстарын биыл да ұмытпады. Олар жылыту маусымы басталған шақта үй аралап, ескертпе қағаз таратып жүр. Өйткені жұрт өрт қауіпсіздігі жайлы ойламайтындықтан қайғылы жағдайларға душар болып жатады.
Айдар Ысқабаев, Әуезов аудандық ТЖД бастығы:
- Газ баллоны, тоқ жүйелері, электр желілері. Сосын сіздерге нұсқаулық бердік. Бүкіл бөлмеге кіріп, жұмыстан келгеннен соң, электр құрылғылары бар жердің жағдайын байқап көру керек. Мысалы, біздің өрт қауіпсіздігі ережесінде электршәйнектер бар, оны, мысалы, қолдануға болмайды.
Биыл қалада 247 өрт тіркелген. Көбіне қарапайым ереже сақталмайды. Ал салдары: 17 адам зардап шегіп, 8-і тірідей жанып кетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!