СҚО: Құс тұмауы шыққан ошақтар залалсыздандырылады
Солтүсті Қазақстан облысында құс тұмауы шыққан ошақтардың барлығы жаппай залалсыздандырылатын болады. Мамандар індет жұқтырған қанаттыларды толық жойған соң, аталмыш іске кірісеміз деп отыр. Қазір аймақта індет жұқтырған қаз-үйрек пен тауықтың жетпіс пайызы өртелген.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.10.2020
Марат Ибраев, СҚО Ветеринарлық бақылау және қадағалау инспекциясының басшысы:
- Ауру жұқтырған құстың 143 430-ы жойылды. Акт толтырып, тұрғындардан алынғанына да құжат рәсімделіп болған соң, қораларды залалсыздандыратын боламыз. Карантин жарияланған аймақтар әзірге біздің бақылауымызда болады.
Қазір індеттің тарауы тоқтаған. Бірер күн бұрын күніне мыңдаған құс қырылып жататын болса, соңғы тәулікте тек 85 тауық пен қаз-үйрек өліпті. Олардың барлығы жекенің қолындағы құстар. Ал құс фабрикалары вирустың жайылуы байқалмады деп отыр. Дегенмен 29 елдімекен бұрынғысынша карантинде болады. Ол жақтан құс еті мен жұмыртқаны сыртқа шығармайды. Індет басталғалы бері тұрғындардың ауласындағы жалпы 200 мың қанатты қырылған. Қазір өлгенінен бөлек, ауру құс табылған жердегі тірілерін де мамандар алып жатыр. Оларды жинап өртеп жіберетін болады. Содан кейін залалсыздандыруға кіріседі. Ал тұрғындарды шығынды өндіру мәселесі алаңдатып отыр.
- Өкінішті әрине. Жаз бойы бақтық, қысқа азық болады дедік. Құстан басқа мал да ұстамаймыз. Өтемақыға үміттенеміз енді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!