Ұлдарын аямай сабаған әке қамауға алынды – Түркістан облысы
Ұлдарын өлімші етіп сабаған әке қамауға алынды. 7 және 9 жастағы балаларға жұдырық жұмсаған Түркістан облысы тұрғынының видеосы әлеуметтік желіге кеше тараған болатын. Полиция дереу қылмыстық іс қозғады. 38 жастағы азамат аузына арақ тисе, бала-шағасын сабауды бұрыннан әдет қылған екен. Әбден шошынып қалған әйелмен және оның балаларымен қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.
Автор: Бек Әбиев
05.10.2020
- Быт-шытын шығарып ұрып жатыр.
Бұл Ержан Дәуірбаевтің үйреншікті ісі. 38 жастағы азамат ұлдарын осылай ұрып тәрбиелейді. Ішіп келсе ілік іздеп, қит етсе, қол жұмсап үйренген оның бұл жолғы «тәрбиесін» әйелі телефонға түсіріп алған.
Әйелі:
- Балаларымның жылаған дауысы естілді. Жүгіріп кіргенімде екеуін аяусыз ұрып жатыр. Араша түскенімде, мені қылқындырып, ұра бастады, «неге араша түсесің?» деп. Мені ұрған соң, кішкентай балам жылағаннан кейін оны шетте алып отырып, видеоға түсіре бастадым. Мысалы, ұрды десем, маған ешкім сенбес еді.
«Үнемі ұлдарыммен бірге таяқ жейтінмін» деген әйел елден ұят деп бет-жүзін көрсеткісі келмейді. Қазығұрт ауданына қарасты Қызылқия ауылында тұратын келіншек аудандық жер қатынастары бөлімінде хатшы болып жұмыс істейді. Ал күйеуі Ержан нақты жұмысы жоқ. 2011 жылы қосылған соң үш-төрт айдан кейін түрлі себеппен соққыға жыға бастады дейді. Ал ұлдарын ұруды төрт жыл бұрын бастапты. «Қит етсе, тепкінің астына түстім» деген 30 жастағы келіншек енді күйеуін көргісі де келмейді.
Әйелі:
- Мені ұрған кезде, теуіп, аяусыз ұрады. Тек солай жұдырық жұмсайды. Сау кезінде «ұрғанымды білмеймін» дейді. Ал ішіп алған кезде «тәрбиелеймін» дейді. Балаларымды бір күні мүгедек қып қойса, кім жауап береді? Енді заң жүзінде жауапқа алынсын. Біз ажырасамыз.
Қазір келіншек 9,7 және 3 жасар ұлдарымен бірге Қазығұрт ауылындағы төркінінде тұрып жатыр. Күні сайын психологтардың көмегін алады. «Қол жұмсайтынын бұрыннан білсек те, отбасы болып кетер деп, үндемеп едік», - дейді туыстары.
Замира Жолдасова, жәбірленуші әйелдің анасы:
- Анаған, мынаған теңеп, «сен анаумен жүріп жүрсің», «түскі асты кіммен ішіп жатырсың», «қалай, не?!» деп, ойлағанының бәрі арамдық. Қызғаншақ, өте қызғаншақ. Енді құда-құдағи да баласынан безіп отыр. «Біз қойдыра алмаймыз» дейді. Апаратын жеріне апардық, емдеттік, Алматыға дейін емдетіп... Жаңағы ішкілігінен, маскүнемдігінен. Келеді, ары кетсе бір ай жүріп, тағы ішіп кетеді. Үйіне барсаң, бөтелке толып тұрады.
Қызылқия ауылына біз де бардық. Күнара жанжал болатын үйдің терезесі ашық, ауласы күтім көрмеген. Ал көршілері:«Ержанның оғаш мінезін көрмеген едік» деп ақтағандай болды.
Ержан Бекжігітов, көршісі:
- Дауысы шығып жататын, оның үй ішіне араласпаймыз ғой. Шыңғырып жатқан, әйтеуір дауысы шығып жататын. Не істеп жатқанын кім білсін.
- Үнемі ме?
- Үнемі емес, анда-санда дауысы шығып жататын. Мен ойнап жатқан шығар деп ойладым, үйіне барып көрмеген соң...
- Шыңғырып ойнап жатыр деп ойладыңыз ба?
- Хмм...
Видео желіге тарап елді шулатқан соң, полиция Ержан Дәуірбаевті қамауға алды. Оған қатысты әзірге бір баппен іс қозғалды.
Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Күдіктіге қатысты ҚР ҚК-нің 110-бабы, 2 бөлігі бойынша «азаптау», сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Және де болған оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Отбасындағы озбырлықты көрмеген, көрсе де, мән бермеген учаскелік инспектор да жауапсыз қалмайды. Оған қатысты қызметтік тексеріс басталған. «Анасы мен балаларының өз-өзіне келуіне көп уақыт керек» - дейді психологтар. Қатыгез әкесінен безген үш ұл енді Қызылқия ауылынан аудан орталығы Қазығұрт ауылындағы мектеп пен балабақшаға ауысу керек. Ал қазір қамауда отқан қатыгез әке енді ұлдарын 7 жылға дейін көрмеуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!