Достық спорт кешеніне тон жәрмеңкесі өтіп жатыр – Алматы
Күн суыта алматылық қыз-келіншектер қысқа қамдануға кірісті. Аязда тоңбас үшін нәзік жандар Достық спорт кешеніне ағылуда. Онда «Ресей терілері» деп аталатын тон жәрмеңкесі өтіп жатыр. Көрмеде қысқы киімнің 4 мыңнан астам түрі саудаға шығарылған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
06.10.2020
Ауа райының суытқаны сол екен, мегаполистің қыз-келіншектері тон іздеуге кірісіп кетті. Олар «Ресей терілері» көрмесіне келіп, айнаның алдынан шыға алмай жүр. Өйткені мұнда көздің жауын алатын қысқы киімнің 4 мыңнан астам түрі бар. Алматылық Карина өзіне ұнайтын тонды ұзақ іздеп, бүгін осы жерден тапқан.
Карина Смаилова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Осы жәрмеңкені ұзақ күттім. Бүгін өзіме бұлғын терісінен тігілген тонды таңдап алдым. Сәнді әрі жып-жылы екен. Енді қыстың қаһарлы күндеріне дайынмын.
Жәрмеңкедегі ішік пен тондар Ресейде тігілген. Осыған дейін сапасына ешкім мін тағып көрмепті. Қысқы киімдердің түсі мен үлгісі әр түрлі. Ал өлшемі 38-ден 70-ке дейін.
Гүлбану Қабжанова, сатушы:
- Қаракөл елтірісінен жасалған тондар бар, керли бар. Мутон дейді, бұл қойдың терісінен өңделген, сапасы өте жақсы. Мұны бізде көбіне солтүстік, шығыс облыстар – Қарағанды, Өскемен, Семей жақтың тұтынушылары жақсы алады.
Көрменің ашылуына орай сатушылар әр тұтынушыға жеңілдік жасайды. Құны 500 мың теңгеден асатын тауар сатып алған жандарға тосын сый дайын. Ал қаржыдан қысылғандарға несие мен бөліп төлеу қарастырылған. Достық спорт кешеніндегі «Ресей терілері» көрмесі қазанның аяғына дейін жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!