Балық шаруашылығына субсидия бөлінуі мүмкін
Балық шаруашылығын машық еткендердің шығыны өтеледі. Әзірге елімізде тұралап тұрған бизнестің бұл түріне субсидия мүлдем қарастырылмаған. Сондықтан кәсіпкерлердің балық өсіру ісіне жолағысы жоқ. Экология министрлігі олқылықтың орнын толтырудың жолын таптық деп отыр. Ол - 50 пайызға дейін субсидия бөлу.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
06.10.2020
Қазақстанда 40 мың көл, тоған бар. Соның балық шаруашылығына қолданылып жатқан көлемі бір пайызға да жетпейді екен. Ал сирек балық түрлерін өсіретіндер саусақпен санарлық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, әр адам жылына 16 келі балық тұтынуы тиіс. Бұл көлем біздің елде төрт есеге кем. Экология министрлігі балық шаруашылығымен айналысамын дегендердің шығынын жартылай субсидиялауды ұсынып отыр. Осылайша аталмыш кәсіп түріне жан бітірмек. Осы ретте үш жылдық шығын көлемін де есептеп қойыпты. Бюджеттен 6 миллиардтай қажет.
Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
- Субсидиялауды 0 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайтуды ұсынамыз. Сонымен бірге жылына 40 тонна және одан да көп балық өсіруге тор ішінде өсіру шаруашылығын, сонымен қоса жылына 20 тонна және одан да көп балық өсіруге сумен қамтамасыз етудің тұйық циклі бар шаруашылығын құруға және кеңейтуге жұмсалған шығындарды өтеуді 25 пайыздан 40 пайызға дейін көбейтуді ұсынамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!