90 жылдық тарихы бар академия жабылатын болды
Алматыдағы Мұхаметжан Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы ақыры лицензиясынан айырылып тынды. Білім және ғылым министрлігі осындай шешім қабылдаған.
Автор: Асқарбек Қазанғап
06.10.2020
Өйткені бірнеше тексеру жүргізіліп, олқылықтар анықталғанымен, оны түзеуге ешкім асықпапты. Академия басшылығы болған жайға баға беруге әлі де асықпайды. Соңғы жаңалықты естіп жанұшыра жеткен студенттер мен ата-аналар да бүгін жөнді жауап ала алмай қайтты. Енді 5 000 студенттің оқуы не болады? Жүздеген қызметкері қайда барады?
Көлік және коммуникациялар академиясының 90 жылдық тарихы бар. 2000-жылы қазақтан шыққан алғашқы қатынас жолдары инженері Мұхаметжан Тынышбаевтың есімі берілді. Алайда ғасыр жасаған білім ордасының басына қара бұлт үйіріліп тұр. Білім және ғылым министрлігінің шешімімен академия лицензиясынан айырылатын болды. Баласының болашағына алаңдаған ата-аналар таңнан осында ағылған. Алайда академия басшыларынан мардымды жауап ала алмай, шарасыздың күйін кешуде.
Бәдигүл Қажыбек, студенттің анасы:
- Мынау өте аянышты жағдай. Халыққа шығып айту керек. Бұл жерде ұрпақтың өміріне осылай балта шабатын, егер кез келген ақшаның құлы болған азаматтар болса, бетпе-бет келуге, олар заң алдында да, халық алдында да жауап берсін.
Зәкіржан Ранот – бір-ақ күнде «қайтеміз» деп қалған бес мың студенттің бірі. Академия болған жайтты айтпақ түгілі, жарты айдан бері әскери кафедраға қажет анықтамасын бермей сабылтып қойыпты.
Зәкіржан Ранот, М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті:
- Бүгін хабарластық, ешқайсысын ала алмай тұрмыз. Алдында да сондай болды. Күнде келеміз де, кетеміз. Ешкім жауап бермейді. Лицензиясы алынып, біздің диплом жарамайтын болса, басқа талап қоямыз немесе ақшамызды қайта өндіріп алуымыз керек қой.
Министрлік жыл бойы академияда тексеріс жүргізіп, талай заңбұзушылық анықтаған. Оқытушылар құрамы аз, өндірістік тәжірибе базасы жөнді жоқ, ғылыми әдебиеттермен қамтылмаған.
Білім беру бағдарламасы жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес келмеген. Алайда академия жабылғанмен, оның кесірі студенттер мен оқытушыларға тимейтініне министрлік кепілдік береді.
Гүлзат Көбенова, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайыы:
- Студенттерді, оқытушыларды уайымдамауға шақырамын. Себебі, заңды түрде студенттердің құқығы сақталады. Ең бастысы, заңнамаға сәйкес, академия жабылған соң, заңды түрде басқа жоғары оқу орындарына ауыстыралады.
Министрлік пәрменіне әзір академияның келіскісі жоқ. Батқан қайықты қайта тартып шығаруға тыраштанып жатыр.
Андрей Иванов, М. Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының проректоры:
- Барлық көрсеткіш талапқа толық сәйкес келеді. Оған бірталай рейтингте көшбастап тұрғанымыз дәлел. Жақын күндері барлық сұраққа толық жауап береміз.
«Толық жауап береміз» дегенше, министрлік шешімі 10 күнде күшіне еніп, академия білім беруді тоқтатады. Артынша, студенттер мен оқытушылар семестр біткенін күтпей, бірден басқа университетке ауыстырылады. Министрліктің жоспары осындай. Ал іс жүзінде қалай боларын уақытында көреміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!