Қарияларды өлтірген күдікті сотта қиғылық салды – Көкшетау
Жауаптан жалтара алмайды! Көкшетауда сот отырысына келгісі келмей суицид жасаған айыпталушыны бүгін сотқа желкелеп әкелді. Төрт күзетшіге бой бермей тулаған Вадим Достов ерлі-зайыпты қарияларды өлтіргені үшін жауап беруі тиіс. Бірақ 24 жастағы күдікті еш айыбы жоғын айтып қиғылық салды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
07.10.2020
- Маған бәрібір, өлім жазасына кессеңдер де, менің еш кінәм жоқ...
Вадим Достов сотта бірінші рет қиғылық салып тұрған жоқ. Осыдан бұрын да сотқа келмеймін деп, суицид жасауға әрекеттенген. Ал тағылған айып – ауыр. Тергеу мәліметінше, сәуір айында күдікті 87 және 78 жастағы ерлі-зайыптылардың үйіне терезеден кіріп, аяқ қолдарын кесіп, малша бауыздап кеткен. Сондағы көздегені үйдегі алтын бұйымдар мен басқа да құнды заттар. Ұзамай, Достовтың қолына кісен салынды.
24 жастағы жігіт екі рет сотталып үлгерген. Ұрлық, қарақшылық жасап, алты жылын темір тордың ар жағында өткізіпті. Қазір он бала өсірген ерлі-зайыпты қарияларды азаптап өлтірді деген айыппен сотқа жеткізіліп отыр. Қариялардың артында қалған 10 бала мен ағайындары бүгін сотқа айыпталушымен бетпе-бет кездесуге келіпті.
Нұрлыбек Бейсенбаев, марқұмның інісі:
- Ағамыз өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет еткен, жеңгем – Батыр ана. Екеуі осындай жағдайға жетіп, біреудің қолынан аяусыз жасалған қастандықпен кеткеніне қатты қайғырып отырмыз. Қылмыс жасаған жігіт соттың ішінде тағы қияңқылық жасап, судьяға дұрыс жауап бермей отыр.
Соттың алғашқы отырысы бір апта бұрын басталуы керек болатын. Бірақ күдікті пышақпен тамағын орып жіберіп, абақтыдан ауруханаға жөнелтілді. Енді бүгін қолы кісендеулі Вадим Достов төрт қарауылға көнгісі келмей тұр. Судья да ескерту жасаудан мезі болды.
- Соттың істі қарауына қатысқыңыз келе ме?
- Иә
- Ендеше өзіңізді лайықты ұстаңыз.
Жұртты дүрліктірген қанды оқиғаға қатысты сот процесі енді басталды. Ақ-қарасын айыру үшін сотқа алқа билер қатысып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!