Қарағанды: Өртеніп кеткен екі әйел мен емшектегі нәрестенің обалы кімде?
Қарағандыда құзырлы орындар бір отбасынның өмірін жалмаған апатқа кінәлілерді анықтауға тырысып жатыр. Кеше тапа-тал түсте пәтерде болған өрт кезінде екі әйел мен емшектегі нәресте тірідей жанып кеткен болатын. От электр жылытқышынан тұтанған деген болжам айтылды. Өйткені күн суытса да қаланың қақ ортасындағы үйге жылу қосылмаған.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
08.10.2020
Себебі, пәтер иелері кооперитві тек жылу беретін кезде жертөледегі құбырларды жөндеуді бастапты. Он күн өтсе де құбыр ауыстырылып бітпеген. Тоқ пешін қосып отырған тұрғындардан «тоңып отырмыз» деген арыз түспеген. «От тұтанғанда үйдегілер құтқару қызметіне емес, туғандарына хабарласып уақыт ұттырып алған», - дейді өрт сөндірушілер. Сондықтан көмек кеш жетіпті.
Кеше қала ортасындағы көпқабатты үйдің 9-шы қабатындағы пәтерде екі әйел мен емшектегі бала өртеніп кетті. Марқұмдарды жерлеу рәсімін қала билігі көтеріп алады. Он күн берілмеген жылу да бүгін шұғыл қосылған.
Нұрлан Рыстин, Қазыбек би ауданының әкімі:
- Меніңше, бұған пәтер иелері кооперативі кінәлі. Бірақ оны тұрғындар өздері сайлайды ғой. Сондықтан біз олардың ішкі шаруасына араласа алмаймыз. Әйтпесе қыркүйектің 28-інде бұл үйге жылу берілген. Бірақ жертөледе құбырдан ақау шығып, жылу беру тоқтаған. Ал жөндеу жұмыстары созылып кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!