Автобустың артына жармасқандар жауапқа тартылады – Алматы
Басын қатерге тіккендер! Алматыда автобустың артына жармасатын жастар жұрттың зәресін ұшыруда. Өзге тұрмақ, өз қауіпсіздігі қаперіне кірмегендерді халық жаппай жазалауды сұрайды. Дегенмен дітттеген жеріне тегін жетіп алғандар ұстатқызбай қашып кетеді.
Автор: Салтанат Шырынхан
08.10.2020
Жағымсыз көріністер әлеуметтік желіде таралып жатыр. Жұрт жастардың «хайп қуамын» деп, майып болмауын тілейтінін айтуда. Олардың мұндай бассыздыққа баруының басты себебін біле алмай дал. Өйткені қызық қуып тәуекелге барғанның қатері көп.
Автобустың артына мінгескен жастар жол ережесін өрескер бұзып қана қоймай, өзіне де қауіп төндіреді. Темір тұлпарға жармаспақ болған олар шағын ғана жерден қолын, не аяғын тайдырып жазатайым жағдайға душар болуы әбден мүмкін.
Автобус паркінің басшысы оғаш қылық жасағандар тек жастар екенін айтады. Ал мұндай жағдайдың алдын алу немесе болдырмау үшін қоғамдық көліктің конструкциясын өзгерту қолымыздан келмейді деп отыр.
Нұрболат Мұсаев, №2 автопарк директоры:
- Мұндай жағдайлар соңғы уақытта көбейді. Жүргізушілер барлығын бір уақытта бақылап отыра алмайды. Артқы жағына жабысқаны көрінбейді. Сол себепті іштегі жолаушылар айтқан сәтте, оқыс оқиға болмас үшін, жайлап тоқтауы тиіс. Ал ол кезде жармасқан адам қашып үлгереді.
Мұндай бассыздықтың жиілеп кеткенін полиция департаменті де растап отыр. Дегенмен көбі із суытып үлгереді. Әзірге бұл әрекеттен қайғылы жағдай болмапты.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ПД ресми өкілі:
- Бұл іс-әрекеттер заңға қайшы. Алматы қаласының полициясы соңғы кездері осындай тәсілмен қоғамдық көлікте жүретін азаматтарды айқындауға бел буді. Қыркүйек айында екі құқық бұзушы айқындап, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша хайп жасаймыз деп, оғаш қылығын айып көрмегендердің тәуекелге баруы дұрыс емес. Ал сайып келгенде, майып болсаңыз, зардабы өзгелерге де орасан екенін ұмытпаған абзал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!