Жекеге өткен Ақтөбе-Маңғыстау пойызы жолаушыларға қауіп төндіруде
Ақтөбе мен Маңғыстау теміржол бекетінің арасына қатынайтын пойыз жолаушылардың өміріне қауіпті. Бұл туралы аталмыш пойызда қызмет ететін жолсеріктер дабыл қағып отыр. Вагондардың ескіргенінен бөлек, әрқайсында мұздатқыш құрал үшін жанармай ашық сақталады екен.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.10.2020
«От тұтанса, жолай түгіміз қалмай бір минутта жанып кетеміз», - деп шошынады қызметкерлер. Жолсеріктер екі аймақтың арасына қатынайтын пойызды жекенің қолына бергелі жағдайымыз қиындап кетті деп ашынады.
Жанайқайын жеткізу үшін жолсеріктер Ақтөбедегі вокзал алдына жиналмақ болған. Бірақ, «жолаушыларға кедергі келетіресіңдер» деген желеумен құзырлы орган өкілдері вокзалдың бір бөлмесін босатып беріпті. Наразы топтың айтуынша, Ақтөбе мен Маңғыстау бекетіне қатынайтын пойыз жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді. Өйткені ескі вагондарға биылдан бастап желдеткіш қондырған. Ал ол жанармаймен жұмыс істейді. Егер от тұтанса, ешкім тірі қалмайды деп қорқады.
Гүлшат Сисенова, жолсерік:
- Кәдімгі дизель отынымен жүреді. Өрт қауіпсіздігі қайда? Ішінде екі сплит жүйесі бар. Сыртында солярка құятыны бар. Сол соляркі осы уақытқа дейін біздің топкіде тұрды. Өрт шықса, жолаушылар бір мезетте жанып кетеді. какой то доля секундтерде өртеніп кетеді.
«Ақтөбе-Маңғыстау пойызы жекенің қолына өткелі жағдайымыз қиындады», - дейді жолсеріктер. Қазір осы бағыттағы жолаушылар тасымалына Otpan logistic компаниясы жауап береді. Серіктестіктің тек санаулы вагоны бар.
Ақтөбе мен Маңғыстау арасына қатынайтын пойыздың сегіз вагоны бар. Сол сегіз вагонның жетеуін жолаушылар тасымалымен айналысатын Otpan logistic компаниясы жекелерден жалға алған. Жалға алған вагондарының сыйқы осы. Зауыттан 1991 жылы шыққан. Ескі.
Гүлнәр Жаманова, жолсерік:
- Жекенің қолына өткеннен кейін өздері вагон алды. Біздің ПП-ның кезінде көрмеген жағдайдың бәрін көріп отырмыз. Вагонның жағдайы өте нашар. Ескі. Плацкарт вагондарды купе жасаған. 220 деген тоқ жоқ. Жолаушылар жол бойы жүгіріп телефондарын қуаттауға тоқ іздейді. Қыста вагон салқын, дәретхана, титандар қатады.
Otpan logistic компаниясының басшылары вагондарының ескі екенін мойындайды. Бірақ жолаушы өміріне «еш қауіп жоқ» деп отыр.
Серік Бұхарбаев, Otpan logistic компаниясының өкілі:
- Жұмыс бастағанына бір жыл болады. Енді ойлап қараңыз, дүниеге келген бала жәймен тәй-тәй басады. Дұрыс па? Енді басынан бастап жаңа вагон, мінсіз вагон шығара алмаймыз. Енді іші ескі вагондар жайлап дұрысталып жатыр. Дизель бөлек қойылған оған. Сертификаты – бәрі бар.
Карантинге байланысты бұл пойыз көктемнен бері үш айға тоқтап қалған. Сол кезде компания жолсеріктердің жалақысын да жөнді төлемепті.
Гүлшат Сисенова, жолсерік:
- Біздің ақымызды, жалақымызды кесуге қандай қақысы бар? Мысалы, 46 мың бір айда, екінішісінде – 62 мың. Бізге 50% жалақыдан беру керек. 100, 90 мың беру керек. Жұрт деген жұмысына сеніп несие алды. Бала-шағасы нансыз қалып жатыр. Банкоматтарын жауып жатыр. Біз неге үндемеуіміз керек?
Ақтөбе-Маңғыстау пойызындағы 132 жолсерік – ақтөбелік. Бірақ олардың арызын қабылдаудан Ақтөбедегі еңбек инспекторлары бас тартқан. Өйткені жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияны кеңсесі орналасқан аймақ өкілдері ғана тексере алады екен.
Мәлік Бораш, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының бас маманы:
- Бұл мекеменің жұмысшыларының арызын Ақтау қаласы еңбек инспекциясы қарап жатыр. Ал негізгі кеңсесі Ақтау қаласында, біз қазір тексеру тағайындауға құқымыз жоқ.
Жолсеріктер енді көршілес екі аймақ арасына қатынайтын пойыздың жекенің қолынан қайта мемлекет меншігіне өткенін қалайды. Сол кезде ғана жолаушылар өміріне қауіп төнбейді, әрі құқығымыз да тапталмас еді деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!