Халықаралық қорымыз қысқарып, алтын валюта қоры азайып барады
Қазақстанның халықаралық резерві бір айдың ішінде күрт қысқарған. Алтын валюта қоры да азайып барады. Оған асыл метал бағасының арзандауы, банктер қаржысы қысқаруы әсер еткен.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
13.10.2020
Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:
- Алдын ала деректер бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері өткен айда 3,1%-ке қысқарып, 91,1 миллиард долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері, қыркүйек айында, негізінен, алтын бағасының 4%-ке төмендеуі есебінен, сондай-ақ Ұлттық банкте орналастырылған банктер қаражатының қысқаруынан 33,8 миллиард долларға дейін төмендеді.
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың мәліметінше, Ұлттық қордың активтері де кеміген. Ол бүгінде 57 миллиард 330 миллион доллар. Көрсеткіш бір айда 1 миллиард 360 миллион долларға азайған. Осылайша Ұлттық қордың кірістері мен республикалық бюджетке кепілдендірілген трансфертті бөлген ақша арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады.
Коронавирус індетінің екінші толқынынан қаржы нарықтарындағы кейбір көрсеткіштер төмендеп кеткен. Ұлттық банк төрағасы бұған инвесторлардың қорқынышы тікелей ықпал етті деп отыр. Ал қыркүйекте инвестициялық кіріс жыл басынан бері 1 жарым миллиард долларға жуықтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!