Қызылорда облысында күрішке таласқан кәсіпкерлер топтасып төбелесті
Егістік басындағы ерегес! Қызылорда облысында күріш жинауға таласқан кәсіпкерлер топтасып төбелесуге дейін барды. Ерегіскен екі серіктестік жұмысшылары бір-бірін комбайнмен таптап өтпек болған. Кәсіпкерлердің бірі алқапқа қарумен келіп атқан. Ал жергілікті полицейлер жанжалды шеттен бақылап, тоқтата алмаған.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
13.10.2020
Видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Шытырманға толы көрініс Қызылорда облысының Асқар Тоқмағамбетов ауылындағы егіс алқабында болыпты. Ал екі кәсіпкердің бір-біріне жұдырық ала жүгіруіне 105 гектар аумақ себеп екен. Олар осындағы егінді жинауға таласқан. Әбден ашуға булыққаны сонша, тараптардың бірі көлікпен адам қағып, ойына келгенін істепті.
- Адам қағып жатыр мыналар, атып жатыр!
Жұрт комбайнның алдын кес-кестейміз деп қырылып қала жаздады. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүргенімен, қолынан ештеңе келмеген. Олар тек жағдайды сырттан бақылап, видеоға түсірумен болды. Жұрт тәртіп сақшыларын елемей, қолындағы қарумен оқ атуға дейін барған.
- Тәртіпсіздіктің алдын алуда осылай істетуге мәжбүр қылдыңдар мені.
- Сәке, сенікі дұрыс емес, ойланыңдар.
- Қалай дұрыс емес? Атып жатқанын көріп тұрсың ба?!
- Аспанға атып жатыр олар, ойланыңдар.
Күрішке бола қырық пышақ болғандардың әрекеті жайлы Сырдария ауданы әкімдігі түсініктеме берді. Шенеуніктердің айтуынша, олар бұған дейін шаруа қожалықтарын мәмілеге келтіруге тырысқан. Бірақ мүмкін болмапты. Жаппай тәртіпсіздіктен соң ғана кәсіпкерлер татуласты деп сендірді. Шаруа қожалығы иелерінің бірі кері шегінген көрінеді.
Бақытжан Лекеров, Қызылорда облысы Сырдария ауданы әкімінің орынбасары:
- Дау шешілді. «Азамат» шаруа қожалығының төрағасы Азамат Ысқақов егінді жинап жатыр.Алдағы екі-үш күнде егін толық жиналады.
Қызығы, қақтығысқа қатысты облыстық полиция департаментінің нұсқасы мүлдем басқаша. Олар жанжал егістік күзетушілері мен жергілікті тұрғындар арасында туындаған деп отыр. Күзетшілерге шабуыл жасалғандықтан, олар травматикалық қарумен аспанға ескерту ретінде оқ атуға мәжбүр болған деп ақпарат таратты. Қазір оқиғаның ақ-қарасын анықтауға екі қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!