«Ақтөбе мыс» өндірістік жарақаттан мүгедек болған жұмысшысын далада қалдырған
Ақтөбеде қос аяғынан айырылған тұрғын аймақтағы мыс компаниясын жазаға тартуды талап етіп отыр. Жанболат Жұмағазин өзінің мүгедек болып қалғанына әріптестері мен басшыларын кінәлайды. Осыдан бір ай бұрын кен тиелген вагондарға тепловоз соғылып, ол астында қалады. Сол кезде тізеден төмен қос аяғын басып кеткен.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.10.2020
«Бір ай өтсе де әлі тергеу басталмады» - деп ашынады Жанболат. Мыс компаниясы инспекторлармен «ауыз жаласуы мүмкін» деген күдігі де жоқ емес.
Жанболат Жұмағазин Ресеймен шектесетін Бадамша ауылындағы жұмысынан бір жарым ай дегенде үйіне әрең оралды. Онда да өз аяғымен емес, жақындары жеткізген. Еңбек демалысында жүрген кезінде басшылары жұмысқа шақырып алады. Мыс компаниясына қарайтын бекетте кезекші болып істейтін оны вагон құрастырушысы етіп қойған. 110-қыркүйекте Көктау кенішінен шыққан тепловоз бұл тексеріп жатқан вагонға соғылады. Көліктің машинисі ұйықтап кетіп, оны байқамаған. Апат кезінде рельске құлаған ол қос аяғынан қалай айрылғанын өз көзімен көріпті.
Жанболат Жұмағазин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Ауада қалықтап барып, вагонның астына түстім. Содан тырмысып әрең шықтым. Қасыма станция кезекшісі Нағашыбаев жүгіріп келді. Аяғымды қарадым. Бір аяғым кесіліп қалған. Екінші аяғымды сұрап едім, екінші аяқ та жоқ деді.
Апат болған шойын жол да, вагондар да «Ақтөбе мыс» компаниясына тиесілі. Басшылары жұмысшысының төсекке таңылғанын біле тұра, халын да сұрап келмеген. Оның орнына адвокаттарын жұмсап, Жұмағазиннен арызданбауын талап етіпті. Бірақ ол өндіріс кезінде жарақат алғаны үшін әріптестері мен басшыларына кешірім жоқ деп отыр. Ал осы оқиғаға қатысты тергеудің жүрмей жатқанына күмәнмен қарайды.
Жанболат Жұмағазин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Еңбек инспекциясынан, ия құқық қорғау органдарынан да ешкім келген жоқ. Мен қазір күдігім де жоқ емес. Құқық қорғау органдары ауыз жаласып, мүмкін шетелдік компания ғой, былай қарағанда, бірігіп кетті ме деген күдігім де жоқ емес, осы жатқанда.
Ал еңбек инспекторлары карантин кезінде түсініктеме алуға ауруханаға жолай алмадық деп ақталады. Бірақ аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық істің қозғалғанын растап отыр.
Ақылбек Зейнеоллаұлы, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының бас маманы:
- Карантин кезінде ауруханаға арнайы барып түсініктеме сұрауға, хаттамасын алуға мүмкіндік болмады. Арнайы жазатайым оқиғаны тексеріп жатқан мемлекеттік инспекторы қазіргі таңда іссапарда. Келгеннен кейін Жұмағазиннен арнайы хат алып, түсініктеме алғаннан кейін қорытындыны сіздерге хабарлаймыз.
Қос аяғынан айырылған Жанболат Жұмағазин жалдамалы пәтерде тұрады. Онымен қоса әйелі де мүгедек күйеуіне қарау үшін ақысыз демалыс алыпты. Оның қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Өндірістік жарақаттың кесірінен осындай мүшкіл хәлге түстік деп ашынады ол. Сондықтан сотқа да жүгінбек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!