Былық! Қорғастағы жүргізушілер журналистерге шағымданғаны үшін жазаланған
Журналистерге шағымданғаны үшін жазаланды! Қорғас кеден бекетінен өте алмай шекарада айлап жатқанын айтып арызданған жүргізушілер ақыры сол кезектен де айырылып тынды. Шекарадағы былықты тілшілерге жайып салғанғаннан кейін жергілікті атқамінерлер осындай қадамға барыпты.
Автор: Аруна Ортай
14.10.2020
1700-ден астам жүк көлігінің нөмірі жазылған тізімді көз алында жойып жіберген. Мәселенің мән-жайын анықтауға жүргізушілер Панфилов ауданы әкімінің кеңсесіне іздеп барды. Алайда табалдырықта сағаттап күткізіп қойған шенеунік сол күйі төбе көрсеткен жоқ. Тілшіміз Жаркенттегі жанжалдың жалғасы жайлы.
Қаптаған жүргізуші Қорғастың қақпасынан өте алмай, бірнеше айдан бері шекарада қаңғып жүр. Кеденде кептеліп тұрмасын деп, жергілікті шенеуніктер оларды жүк көліктерімен қоса құрғақ портқа жіберген. Кезегіне жете алмағандарының алды үйіне қайтса, Ақтөбе, Атырау, Өскемен мен Қызылорда сияқты алыс аймақтан келгендері екі көзі төрт болып, көліктің ішінде қонып жүр.
Бауыржан Мақсұтов, жүргізуші:
- Өзім алысқа қатынайтын жүргізушімін. Бұл жерде жігіттердің 50 пайызын танимын. Міне, кузовтың үстіне тамақ істеп жатыр. Бір ай тұрған көліктің аккумуляторы өледі. Оны қуаттауға апарып қоясың. Машина жүрмегеннен кейін ішінде автоном пеш қосып, жылынып, кейбір жігіттер ауырып жатыр. Сондай жағдай! Ешкім жағдайға қарап жатқан жоқ!
Жүргізушілердің айтуынша, мұнда кезегін күтіп 1785 көлік тұр. Ал жергілікті шенеуніктер 641 көліктің кіріп, 1144-і қалған дейді. Бірақ атқамінерлердің мұндай ақпаратына жүргізушілер аң-таң. Себебі, сонау тамыздың басында келген жүк көліктерінің бірде-біреуі әлі орнынан қозғалмапты.
- Ол емес, тағы бір тізімің бар сенің. Екі реттен, үш реттен қайталанған машиналар, көрсетші соны! Неге алмайсыңдар сол көліктерді?!
- Алынып жатыр ғой.
- Алған жоқсың ғой! Сонда біз адам емеспіз бе, Ерғали?
- Менің жатқаныма 43 күн болды, Ерғали!
- Кіріп жатыр ғой енді!
- Қайдан кіріп жатыр?
Жаздан бері кезегіне жете алмай жыларман болған жүргізушілердің айтуынша, бекеттен өтудің бір-ақ жолы – пара беру.
Есбол Ысқақбаев, жүргізуші:
- Бұл тізімге жігіттер кіріп-шыққан. Бес мың доллар берген, сол тізімге ілініп, кіріп жатыр. Сөз жоқ!
- Қандай бес мың доллар?
- Осы жердегілер сұрап жатыр. 5 мың доллар бересің, бір жерден барып, шөп пе, пісте ме, басып келесің, кіресің!
Қорғастағы кептелісті реттеумен аудандық спорт бөлімінің басшысы айналысып жатыр. Жергілікті әкім жүргізушілердің мәселесін шешеді деп соны тағайындапты. Аяғына сүйретпе, үстіне спорттық киім киген шенеунік жүргізушілердің «әкім ауызбастырық алады» деген сөзін теріске шығарып, бастығына шаң жуытпады.
Ерғали Қонашов, Панфилов аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
- Иә, қайталанған тізімде тұрған, соның бәрін алып жатыр ғой!
- Сызып жатыр ғой! Қайталап кіргізбейді, сызып тастайды!
- Сіз сайтқа кіріп көріңізші, Гокарко деген...
Бірақ солай деуі мұң еді, сайттағы тізім аяқ асты өшіп қалды.
- Онлайн тізім жоқ! Бұл алаяқтық! Бұлар не істеп жатыр? Жігіттер, қараңдаршы! Қашанғы осы жерде мал құсап жатамыз?! Шығайық сыртқа, жолға шығайық!
Айлап тұрған тізімдерінің өшіп қалғанына ашынған жүргізушілер кеденге баратын жолды жауып тастамақ боп оқталған. Алайда аяқ асты тәртіп сақшылары пайда бола кетіп, ашулы топты тоқтатты. Сол арада аудан әкімінің өзі хабарласып, жүргізушілерді кездесуге шақырды. Жанайқайының жоғарыға жеткеніне қуанған топ, алып-ұшып әкімдікке барген еді, тек мұнда да оңбай алданды.
Нұрбол Қанағат, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Айналма жолда жүр. Түскі ас кезінде тексеретін нысандар болады. Құрылыс жұмыстары жүріп жатыр бізде. Соларды тексереді. Шақырсаңшы енді...
Жаздан бері жүк көліктерінде түнеп, қаңғыбасқа айналуға шақ қалған жүргізушілер әкімді іздеп кеңсесіне келген. Алайда атқамінер мұнда да ұстатпады. Кездесуге өзі шақырып алған шенеунік басқа жұмыс шығып қалғанын айтып, жүргізушілерден қашып жүр.
Жүргізушілер енді қайтерін білмей дал. Жергілікті шенділерден күдер үлген олар мәселе жоғарғы жаққа жетсе деген жалғыз тілекпен ғана отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!