Застанционныйда ковидтен емес, қоқыстан бетперде киюге мәжбүр – Көкшетау
Көкшетаудың шетіндегі бүтін бір кентті қоқыс жайлап алған. Бұған «Тазалық» серіктестігінің бұл аумаққа коммуналдық қызмет көрсетуден үзілді-кесілді бас тартуы себеп. Тіпті жұмысшылары қоқыс контейнерлерін бір күнде жинап алып кетіпті.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
15.10.2020
Осыған абдырап қалған тұрғындарға коммуналдық кәсіпорындағылар 9 жарым миллион теңге қарызсыңдар деп айтқан. Содан бергі бір айда әр жерге үйілген лас қалдықтан қолқаны жаратын жағымсыз иіс жайлап алған.
Халық аузында «Шанхай» аталып кеткен Застанционный кенті тұрғындарының қазіргі бас ауруы қоқыс болып тұр. Амалсыздан бұрынғы контейнер орнын айналшықтап, қоқысты сол жерге тастай салуға тура келеді. Аулаға лақтыруға дәті жетпегендер пакетке салып алып, автобуспен қаланың ішіне апарып тастайды екен. Ал қоқыс контейнерлерін алып кеткелі бір айдан асқан. Бұл әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындарыа қолайсыздық туғызды. Олардың арасында коммуналдық қызметке бір тиын қарызы жоқтар да бар.
Өмірболат Сәдуақасов, Застанционный кентінің тұрғыны:
- Бұның бәрін шулатып, бұлай істеудің өзінде бізде заң қалмаған ба? Әлде бізде бас жоқ па? Мына контейнердің әкету себебін де білмейміз. Біреу төлеп, біреу төлемегені үшін, біреудің айыбын біреу тарту керек пе?
Жұрт күздің мизамшуағында ковидтен емес, борсыған қоқыстың иісінен қорғану үшін бетперде киюге мәжбүрміз дейді. Лас жерде ит те көбейіп, тышқандар өріп жүр. Ашулы жұрттың жиналып айғайға басқанын естіген әкім-қаралар кешқұрым осы жерден табылды. Олар жеке компанияны жөнге салуға «құзырымыз жетпейді» дейді.
Ербол Төлеуов, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары:
- «Көкше Тазалық» - жеке компания. Бұл нарық. Сондықтан біздің оларға «сен былай істе» деуге құқығымыз жоқ. Келісім-шарттағы міндетті орындамаған соң, контейнерін жинап алған. Қазір төлем динамикасы жақсарыпты. Қоқыс жәшігін қайтаруына күш жұмсаймыз.
Құзыры жетпесе де әкім орынбасары жұрттың көзінше коммуналдық қызметтегілерге «кешіктірмей контейнерлерді қайтарыңдар» деуге қауқары жеткен сияқты. «Көкше-Тазалық» тұрғындардан белсенді топ жинап, қайтадан келісім-шарт жасауға да келісті.
Әзірге контейнерлер кенттегі көпқабатты үш үйге ғана қайтарылады. Жер үйдегілерлер қалдығын қаптарға салып, қоқыс шығаратын полигондарға апара ма, Көкшетауға таси ма, оны өздері біледі. Ал бұрыш-бұрышта үйіліп жатқан қоқысты кім жинайтыны ақыры айтылмады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!