30 жыл жөнделмеген үй апатты деп танылмай отыр – Нұр-Сұлтан
Елорда тұрғындары 30 жылдан бері жөнделмеген үйде тұруға мәжбүр. Жаңбыр мен еріген қар суы пәтер иелерін әбден шаршатқан. Көгерген қабырғалардан ауру табамыз деп қорқады. Үйдің де қасбеті жамалған, тіпті кірпіштерден сыз өтпеу үшін монтаждау көбігін шашып тастапты.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.10.2020
Жертөле қаңғыбастардың мекеніне айналған. Бірнеше проблемамен арпалысқан тұрғындар әкімдіктен көпқабатты үйлерін апатты жағдайда деп тануды сұрап отыр. Ал шенеуніктер бұған қарсы. Тілшіміз екі тараптың пікірін тыңдап қайтты.
Есілдің оң жақ бөлігінде орналасқан үй 30 жылдан бері жөндеу көрмеген. Кірпіші үгітіліп, балкондары құлап жатыр. Қасбеті жамау-жамау, сынық терезелерінен адам шошиды. Жанын шүберекке түйген тұрғындар бұл үйде тұру қауіпті дейді.
Гүлназ Нұскеева:
- Апаттық жағдайда тұр расында да. Балконын көрсеңіз, бәрі ашық тұр, жүрген сайын үгітіліп, түсіп жатыр. Ол жерде жүру қауіпті. Балаларды балконға шығармауға тырысамыз. Жаңбырда, қар ерігенде төбесінен су ағады. Су терезелерден кетеді.
Үйдің жертөлесі де оңып тұрған жоқ. Бір жағы маскүнемдер мен дала кезіп жүргендердің мекеніне айналған. Ал екінші бөлігінде түрлі бәліш, самса дайындайтын цех жұмыс істеп жатыр. «Ондағы газ баллондар жарылса, бүкіл үй құрдымға кетеді», - дейді жұрт. Көпқабатты пәтердің негізгі кіріп-шығар есігі жағы да тозған. Ал балалар ойнайтын алаңқайды халық армандаудан қалған.
Құтпанов көшесіндегі №7 үйдің есігі апаттық жағдайда шығуға арналған. Алайда тұрғындардың көбі осы есіктен шығады. Өйткені баспалдағы түгел, жан-жағы тазалау.
- Мына қызықты қараңыз. Қазір есікті ашайық. Үйдегі проблема бұнымен біткен жоқ. Әр пәтердің өзінде дәретханасы болады. Мынау да дәретхана. Бұны тек бірінші қабаттағы пәтерлерді көбіне жалдап тұратындар пайдаланады.
Евгений Коротко жыл сайын пәтерін жөндеуден шаршапты. Екі жылдан бері төбеден аққан су әктелген қабырғаларын бүлдірген. Қыста үй суық, жел соққанда балконы қозғалады, жаңбыр жауса, су ағады. Дымқылдан тұсқағаз жыртылып, асты көгеріп кеткен.
Евгений Коротко:
- Көгерген барлық жерді қырып шықтым. Оны қайта-қайта жамай бергеннен түк шықпайды. Тұсқағаз түсіп қала береді. Көгерген қабырғадағы зай ауаға таралады, сол ауамен тыныстап жүрміз. Барлық бөлме осындай. Жылу жүйесі дұрыс емес. Осы үйге көшіп келгелі алысып жүрміз.
Үйдің пәтер иелері кооперативінің жетекшісі Еділ есімді азамат жиналған жұртты көре сала қашып кетіпті. Тұрғындар телефон шалды, жауап бермеді. Елорда әкімдігінің де бұқараның талабын қарамақ түгілі, ескеруге құлқы жоқ. Себебі, «үй – жаңа, салынғанына тек 30 жыл болған, ешқандай да апатты жағдайда емес».
Еркебұлан Көшкінбай, Нұр-Сұлтан қаласы тұрғын үй инспециясы басқармасының маманы:
- Алдындағы сметалық құжатына қарағанда ол – жатақхана. Негізі адамдардың тұруына арналмаған. Бұл үйде 2017 жылы техникалық қадағалау жүргізілді. Физикалық күйзелісі 49 пайыз деп анықталды. Ол дегеніміз, үйдің тіреуші аспаптары жұмыс қабілетін жоғалтпаған. Апатты үй деп танылмайды.
Шенеуніктердің пайымдауынша, бұл үйге мемлекеттік бағдарлама аясында толыққанды жөндеу жасалуы тиіс. Оған пәтер иелері кооперативі жауапты болғанымен, мұндағы жұрт басшысын ұстай алмай жүр. Берген ақшаның есебін білмейді. Сондықтан әкімдік ПИК-тің көзін құртып, тұрғындар мүлік иелері бірлестігін құра алады дейді. Жүйе сонда ғана нәтиже көрсетеді деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!