Коммуналдық базарлар мен сауда орындары сенімгерлік басқаруға заңсыз берілген – Ақтөбе
Ақтөбедегі коммуналдық базарлар мен сауда орындары сенімгерлік басқаруға заңсыз берілген. Прокурорлар бұл кемшілікті шұғыл жою туралы талап қойды. Бірақ заңды кімнің бұзғанын нақты айтпай отыр. Осы коммуналдық базарларды бақылауды облыс әкімінің бауырына тапсыруы қоғамда шу туғызған болатын. Енді әкімдікке қарайтын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базарды басқаратындарды тендер арқылы қайта анықтамақшы.
Автор: Жаңалық Ахаш
15.10.2020
Ақтөбедегі ең ірі «Табыс» комуналдық базарынан бастап, мемлекет меншігіндегі шағын сауда орындары жаппай тексеріліп жатыр. Қазірдің өзінде біраз былықтың беті ашылған сыңайлы. Әкімдікке қарайтын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы комуналдық базарларды серіктестікке тендерсіз бере салған. Енді осы кемшілікті шұғыл жою туралы облыстық прокуратура талап қойды.
Ұлттық экономика министрінің 16.01.2015 жылғы «Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру тәртібі» туралы бұйрығына сәйкес нысандарды сенімгерлік басқаруға тендер негізінде беру керек.
Бірақ «Ақтөбе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жоғарыдағы заңдылықтарды бұза отыра тендер өткізбестен 93 аталым бойынша, оның ішінде жылжымайтын мүлікті де сенімгерлік бас қаруға берген. Оның ішінде құрал-жабдық, жиһаз, сауда алаңдары, жабық базарлар бар.
Прокуратурадағылар заңсыздықққа кімнің жол беріп, ұсыныстың қай уақытқа дейін орындалуы керектігін ашып айтпады.
Өркен Ещанов, Ақтөбе облысы прокурорының аға көмекшісі:
- Сізге жауап керек болса, жазбаша түрінде арыз тастап кетуге болады. Соған жауап береміз.
Ал комуналдық базарларды бақылайтын кеңеске облыс әкімінің бауыры төраға болып тағайындалғалы қоғамда дау туғанын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясындағылар мойындайды. Айта кетелік, ол қызметке тамызда Оңдасын Оразалиннің інісі Болат Сейілұлы кіріскен болатын. Енді прокурорлық тексерістен соң базарларды сенімгерлік басқаруға беруге тендер жарияламақшы. Бұған қоғамдық пікір де түркі болғанын басшылық жасырмайды.
Айдос Ақдаулет, «Ақтөбе» ӘКК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Қоғамдық қайраткерлер бар, солардың тарапынан бізге сұрақтар, күмән тудырмас үшін тендер өткізгелі отырмыз. Дайын отырмыз. Өзіміздің акционерлерімізге тендер өткізу туралы өтініш жасадық.
Комуналдық базарлар мен аймақтағы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мемлекет меншігінде. Олардың жалғыз акционері – облыстық қаржы басқармасы. Бірақ шенеуніктер сенімгерлік басқару мәселесіне еш қатысымыз жоқ деп, ат-тонын ала қашқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!