{metadescription}
Қырғызстан: Шерушілер енді Парламенттің таратылуын талап етуде
Қырғызстан: Шерушілер енді Парламенттің таратылуын талап етуде

Қырғызстан: Шерушілер енді Парламенттің таратылуын талап етуде

Қырғызстанда ақыры билік ауысты. Төңкеріс пен бірнеше күннен бергі саяси текетірестен берекесі кеткен елдің президенті Сооронбай Жээнбеков бүгін отставкаға кетті. Кеше өзі тағайындаған премьер-министр Садыр Жапаровпен келіссөз түннен бері жүріп жатқан болатын. Жапаровтың жақтастары да алаңға жиналып, президенттің отставкасын талап етіп тұрып алды.

Жээнбеков жағдайды ары қарай ушықтырғысы келмесе керек. «Қан төктіргім келмейді» деген президенттің өзі де соңғы мәлімдемесінде елде тыныштық орнау үшін билікті босаттым деп ағынан жарылған. Бірақ Жапаровтың жақтастарына бұл да аз. Бішкекте наразылық шараларын жалғастырған олар енді Парламенттің таратылуын талап етіп жатыр.

Қырғызстандағы саяси науқаннан кейін бұрқ еткен бүліктің басты талабы ақыры орындалды. Жаппай наразылық кезінде «ініне тығылған суырдай» жұрттың алдына шығуға жарамаған Қырғызстан президенті бүгін отставкаға кету туралы шешім қабылдағанын жазбаша түрде жеткізді. Сооронбай Жээнбеков соңғы мәлімдемесінде елде қан төгілмес үшін осындай қадамға бардым деп ағынан жарылыпты.  

- Қымбатты менің отандастарым! Мен үшін Қырғызстандағы бейбітшілік, елдің тұтастығы, халқымыздың бірлігі және қоғамдағы тыныштық бәрінен жоғары. Мен билікті ұстамаймын. Қырғызстан тарихында өз азаматтарын атқан, қан төккен президент ретінде қалғым келмейді. Сондықтан отставкаға кету туралы шешім қабылдадым. Жапаров пен басқа да саясаткерлерді өз жақтастарын ел астанасынан шығарып, Бішкек тұрғындарына бейбіт өмірді қайтаруға шақырамын.

Енді президенттің міндетін Жоғарғы Кенештің спикері уақытша атқаратын болады. Ал Бішкекте митинг өткізуді тоқтатпаған Садыр Жапаровтың жақтастары бұл жаңалыққа қошемет білдіріп, қиқуға басты. Олардың арыны әлі басылмаған сыңайлы. Өйткені президентті кетірген шерушілер енді Парламенттің таратылуын талап етіп жатыр.

11 жылға сотталып, наразылық кезінде тұтқыннан босаған Садыр Жапаровтың кандидатурасын күні кеше ғана Жоғарғы Кенештің депутаттары мақұлдап, оны үкімет басшысы ретінде сайлаған. Қырғызстанның су жаңа премьер-министрі Сооронбай Жээнбековпен кездесіп, билікті босат деп айтамын мәлімдеген болатын.

Садыр Жапаров, Қырғызстанның премьер-министрі:

- Сіздерден шығып, президентпен жолығамын. Ең бірінші ол келісімге келіп арызын жазу керек. Экс-президент болып қалайын деп. Мен сол шешімді ұсыныс қыламын, қандай қаулы қылады өз шешімі. 

Ең қызығы, Қырғызстан республикасын басқарған төрт президент те 61 жасында биліктен кетіпті. Сороонбай Жээнбеков те «қалыптасқан дәстүрді» бұзбай, 61 жасында билікті босатты. Бәлкім, бұл жай ғана кездейсоқтық шығар.

Айта кетейік, Парламент сайлауының қорытындысымен келіспеген айыр қалпақты ағайындар 6-қазанда жаппай наразылыққа шығып, содан бері көрші елде саяси ахуал ушығып отыр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

10 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде