Қазандығы салынбай қалған Нұр-Ақтөбе тұрғындары бүрсеңдеп жүр
Ақтөбеде жылуға жарымаған бүтін бір ықшамауданның белсенді тұрғындары облыс әкімідігінде шу шығарды. Олар аймақ басшысымен бетпе-бет кездесуді талап еткенімен, Оңдасын Оразалинді жұмыс орнынан ұстай алмады. Нұр-Ақтөбе қалашығында мемлекеттік бағдарламамен салынған ықшамаудандағы қазандық құрылысы бітпей, мердігер жарты жолдан тастап кетіпті.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.10.2020
Тұрғындар «қыс бойы бүрсеңдеп отырамыз ба?» деп алаңдайды. Ақтөбеде жылу беру маусымы жарты ай бұрын басталған еді.
Қос бүлдіршіннің анасы Гаухар Бақыт күн суытқалы үйінің берекесі кеткенін айтады. Жылуы жоқ баспанасында бала-шағасымен бүрсеңдеп жүр. «Далаға киетін сырт киімді жатарда да шешпейміз» - деп мұңаяды.
Гаухар Бақыт, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Астымызға төрт көрпе саламыз, балалардың да астына қалың қылып. Үстімізге екі көрпе, осылай сырт киіммен көрпеге оранып жатамыз. Ешқандай әкім есігін ашпайды. Қай жаққа барып айтарымызды білмейміз. Ауырып-ауырып болдық.
Гаухар секілді бүтін бір ықшамаудан тұрғындары үйінде тоңып отыр. Жылу беру маусымы қалада жарты ай бұрын басталған. Содан бері арызданып бармаған жері жоқ. Ақыры ешкімнен қайыр болмаған соң, облыс әкімі Оңдасын Оразалинге баруды жоспарлапты. Таң атқалы облыс әкімдігі алдына жиналған нұрақтөбеліктер аймақ басшысын жұмыс орнынан ұстай алмады.
Айжан Тоқмағанбетова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Жылу жоқ үйде, далада отырғандаймыз. Үйіміз деген көгеріп жатыр, газды қосқанмен, күні-түні газбен отырамыз. Өрт шықпасына кім кепіл? Бүгін үйімізді тастап ауылға кетейін деп отырмыз үйімізді тастап. Басқа не істейміз?
Тұрғындар облыс әкімін есігінің алдында бір сағат бойы күткенімен, ол келмеді. Орнына қарамағындағы қызметкерлерін жіберген. Олардың сөзінше, қазандықтағы құрылыстың уақтылы аяқталмауынан жұрт жылусыз қалған.
«Нұр-Ақтөбе» ықшам ауданындағы көпқабатты 24 үй мен екі мектепті жылумен қамту үшін үш жыл бұрын жылу қазандығының құрылысы басталған. Шенеуніктер «қолданысқа беріледі» деп былтыр уәде еткен болатын. Содан бері бір жыл өтсе де, әлі жұмыс істемей тұр. Қазандық құрылысына тендер ұтқан компания жұмысын жарты жолдан тастап кеткен. Мердігердің жауапсыздығын ала жаздай біле тұра, осы уақытқа дейін қамсыз жүргендерін шенеуніктер тұрғындарға түсіндіріп бере алмады.
Ержан Мұздыбаев, Ақтөбе облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Мердігер мекеме жұмысты аяқтамай, әтижесінде осындай жағдай туындады. Және басқа берілген мекеме оны жандандырып, жұмысын жасап жатыр. Мердігер мекеме жұмыс істеп жатыр деп ойлағанбыз. Мұндай жағдайға жеткізеді деп ойлаған жоқпыз.
- Сіздер қабылдап алатын кезде қарамайсыздар ма? Сонда тексермейсіздер ме? ЖКХ қайда? «Жилстрой» қайда?
Қуандық Қасымов, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары:
- Шынымен де біреудің кемшілігі болған шығар. Бірақ оған қарамастан қазір шартты бұзғаннан кейін біз сотқа бердік.
Облыс әкімі жоспармен қала аралауға шықты. Бірақ Нұр-Ақтөбе қалашығындағы жылусыз отырған үйлерге жолаған жоқ. Дегенмен әкімдіктегілер ай соңына дейін «жылу береміз» деп уәде етіп отыр. Оған дейін тұрғындардың шыдаудан басқа амалы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!