Бағдат Мусин: Сапалы интернетпен таяу арада қамти алмаймыз
Биыл елімізде интернет желісімен қамтылған ауылдар саны бес мыңға жетеді. Бірақ соның тек 1200-інде ғана интернет сапасы жақсы. Ал қалғанын сапалы интернетпен қамту жақын уақыттың жұмысы емес. Сенатта депутаттар алдына шыққан Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин осылай деп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.10.2020
Өйткені ауылдарға оптикалық интернет жеткізбей, сапа бәрібір жақсармайды. Оның үстіне байланыс операторларын қадағалауға министрліктің құзыры жетпейді. Себебі, заң әлсіз. Енді қайтпек керек?
Еліміздегі ірілі-ұсақты 6 жарым мыңдай елдімекен әлі күнге интернетпен толық қамтылмаған. Бірінде интернет сапасы тым нашар, тағы бірінде мүлде жоқ. Салалы министрлік басшысының айтуынша, оған бірнеше себеп бар. Дегенмен биыл жыл соңына дейін елдегі 5 жарым мыңға жуық елдімекеннің ғаламторға қолы жетеді деген еді, депутаттар оған сенбеді.
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
- Сіздің мәлімет бойынша, ауылдық елдімекендердің 69 пайызы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Біз ауылдық аймақтарды дамыту бойынша, мына алдымыздағы 23-қазанда болатын парламенттік тыңдаудың аясында сол ауылдарда арнайы сауал жүргіздік. Респонденттердің біреуі де ауылда интернет сапалы жұмыс істеп тұр деп айтқан жоқ.
Министр Мусиннің айтуынша, бәріне қолбайлау болып отырған заңның әлсіздігі. Себебі, операторларға керекті радиожиілік пен лицензия беріледі. Бірақ ауылда интернет жақсы ма, жаман ба, оны ешкім елеп-ескеріп жатқан жоқ. Министрлік те операторларға тиісе алмайды екен.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бақылау нормаларын кішкене күшейту керек. Өйткені «бір делениесі» бар болса, өзіміздің ұялы телефонда, біз интернет бар деп санауға мәжбүрміз. Оларға айыппұл да бере алмаймыз, тиісті іс-шараға мәжбүрлеуді қолға ала алмаймыз. Сондықтан ең алдымен, заңға өзгерістер енгізу керек.
2018 жылдан бері 1200 ауылға оптикалық интернет әкелуге 75 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал қалған ауылдарды оптикамен қамтуға 300 миллиард теңге керек. Оның қашан бітетіні әзір айтылмайды.
Ауылдағы интернет сапасын жақсарту үшін заңды қатайтудан бөлек, тағы бір жолы бар. Осы күнге дейін сымды телефон мен пошта қызметі мемлекеттен жыл сайын 8 миллиард теңге субсидия алып келіпті. Цифрландыру министрлігі енді оны байланыс операторларына жұмсағысы келеді. Есесіне олар ауылдарда әрбір үйге сапалы интернет кіргізіп беруге міндеттеледі. Бірақ ол да әзірге жоспар күйінде ғана.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!