Полиция формасын киген асаба мен той иелері жазаланды – Қарағанды облысы
Карантинге қарамастан той жасап, ал тойда тәртіп сақшыларын келеке қылған. Қарағанды облысында елдің көңілін көтеру үшін полиция формасын киіп, шағын қойылым жасаған асаба мен той иелері жазаланды.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
16.10.2020
- Бұл заңбұзушылық! Қараңыздаршы, мына жақта қанша адам отыр, 12 адамнан асады. Бәрі бір-біріне жақын. Мына жақта 20 адам, мына жақта – 30. Неге бұлардың бәрі көңілсіз отыр? Неге қол соғып қошеметтемейсіздер? Той емес пе, ағайындар-ау?
Алғашында тойдағылар мұны шын полиция қызметкері санап, бір сәт тым-тырыс бола қалған. Арты қалжыңға ұласқан соң, карантинге қарамастан киіз үйде жұрт мәре-сәре. Санитарлық талап ешкімнің қаперіне кіріп-шығар емес. Бейнежазба тарап кетісімен, полиция бұл тойдың Қарағанды облысындағы Жаңаарқа ауданында болғанын анықтады. Той иелері әкімшілік жазаға тартылды. Ал тәртіп сақшыларын келемеж қылған асаба полиция қызметкерлерінің қытығына қатты тигенге ұсқсайды. Сондықтан одан полиция киімін тәркілеп, 15 мың теңгеге жуық айыппұл салмақ.
Жаңатай Сембеков, Қарағанды облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Полиция қашанда әзіл мен қалжыңға, сындарлы сынға түсіністікпен қарайды. Алайда осындай бейнежазбалар полиция қызметкерлері санитарлық дәрігерлермен бірге короновирус инфекциясының таралмауына жол бермеу бағытында атқарылып жатқан істерді жоққа шығарады. Арнаулы киім-кешекті заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту сұрағы қарастырылып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!