Қазақстаннан қанша дәрігер шетелге неге кеткен
Соңғы үш жылда Қазақстаннан үш мыңнан астам дәрігер шетелге кетіп қалған. Көбі елімізде кәсіби дами алмаған, құқығы да тиісті дәрежеде қорғалмағанына қапалы. Кейбірі тіпті жалақыға бола шекара асқан. Дәрігерлердің жаппай кетуі енді маман тапшылығын тудырып отыр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
16.10.2020
Қанат Төсекбаев, ҚР ДСМ республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры:
- Сыртқы миграция бойынша Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары көш бастап тұр. 2019 жылы медициналық білімі бар 1212 маман Қазақстан аумағынан көшіп кеткен. Олардың көшуінің басты себебі – тиімді ынталандыру тәсілдерінің болмауы, психоэмоциялық жүктеме, кәсіби даму мүмкіндіктерінің болмауы, құқықтарының төмен дәрежеде қорғалуы және әлеуметтік кепілдіктердің болмауы.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ауруханаларда дәрігерлердің жетіспеушілігі кадрлардың көп ауысуымен де байланысты. Өйткені ақ халаттылар шетелге ғана емес, елдің ішінде де көшіп-қонып жүр. Әсіресе Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларына медициналық білімі бар мамандар көптеп ауысқан. Медицина қызметкерлерінің көші-қон мәселесін шешуге шенеуніктер олардың мәртебесін көтеріп, жалақыны айтарлықтай өсіруді ұсынып отыр.
Ресми ақпарға сай, қазір дәрігердің орташа жалақысы 250 мың теңгеден сәл асады. Ал бес жылда бұл көрсеткіш 550 мыңға жетуі керек.
Қазақстанға әлі де 13 мыңдай медицина қызметкері қажет. Коронавирустың екінші толқыны алдында денсаулық сақтау жүйесіне жоғары мамандандырылған дәрігерлермен қоса, санитар, фельдшерлер және мейірбикелер жетіспейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!