Темекі тұқылынан 70 гектар жер күлге айналды – Ақмола облысы
Ақмола облысының 10 ауданындағы алқаптарда тұтанған өрттен қалың орманды сақтап қалу үшін құтқарушылар екі күн бойы жанталасты. Соның өзінде Біржан сал ауданында 70 гектардағы ағаш жанып кеткен. Өрттің беті қайтқанымен, әлі де толық сөніп біткен жоқ.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
19.10.2020
Орман ішіндегі қалың шөп бірден лаулай жөнеліпті. Өрт сөндірушілер бар күшті ағаштарды аман алып қалуға жұмсаған. Олардың қатарына орманшылар да қосылған. Бір күнде 10 аудандағы 14 алқап отқа оранды. 90 техника мен 400-ге жуық адам алапат өрттің бетін қайтару үшін арпалысты. Орманы қалың, суы жоқ жерге сол маңда өтетін теміржолды пайдаланып, вагонмен су тасуға тура келген. Сондай ақ, тікұшақ тартылған. Қазір өрттің беті қайтты, бірақ құтқарушылар әлі де түтіндеп жатқан жерлерді сөндіріп жүр.
Манарбек Шапағатов, Ақмола облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Өрттің шығуына себепкер болған 7 адам анықталды. Олардың барлығына әкімшілік жаза қолданылды. Тұрғындардың салғырттығынан осындай жағдай болып отыр. Қоқыс өртеген. Мал бағып, шөп тасып жүріп темекі тұқылын тастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!