{metadescription}
Коммуналдық апаттан көз ашпайтын Саран сусыз қалды 
Коммуналдық апаттан көз ашпайтын Саран сусыз қалды 

Коммуналдық апаттан көз ашпайтын Саран сусыз қалды 

Қарағанды облысында бүтін бір қала үш күн бойы сусыз қалды. Саранда жарылған су құбырын қала билігі неше күннен бері жамай алмай жанталасып жатыр. Өйткені магистральді құбырдың әбден тозығы жеткен. Ал тіршілік нәрінен қағылған тұрғындар күн-түн демей су жеткізетін көліктердің қасында иін трескен кезекке тұруға мәжбүр. Шенеуніктер жұртты сабырға шақырып, сәл шыдай тұруын сұрайды.

80 жастағы Анастасия Слугинаның ауласына бүгін ауыз суы бар көлік үш күннен бері алғаш рет келді. Кейуана кезекте бір сағаттан аса тұрып, қол жеткен бір шайлық суды үйіне жеткізуге асық.

Анастасия Слугина, Саран қаласының тұрғыны: 

- Кеше түнде қаланың орталығына су әкелді. Жапа-тармағай сонда жүгірдік. Бірақ ондағы су бізге жетпей қалды. Бүгін, міне, есік алдына алып кепті. Бір шайлық су алуға шамам әрең жетті. Мұны бесінші қабатқа көтеріп шығару да мұң.  

Ұзын-сонар кезектегілердің қабағы қатулы. Олардың айтуынша, Саран қаласы коммуналдық апаттан көз ашпайтын боп алған. Біресе жұрт жылуға жарымай отырса, аракідік жарықтан қағылып қараңғыда қалады. Енді су іздеп тентіреген тұрғындар жергілікті биліктің берекесіз тірлігіне наразы.

Дина Адиятулина, Саран қаласының тұрғыны:

- Кеше дүкен кезіп кеттік. Онда да бір тамшы су қалған жоқ. Бүгін судың кезегінде тұрмыз. Алдыңғы күні күтіңдер, кеше күтіңдер, бүгін де күтіңдер дейді. Қашанғы күтуге болады? Күн суытса болды жарық су мен жылудан ақау шығады.

Сарандағы 44 мыңға жуық тұрғын осы күндері қатты қаталап кетті. Өйткені өткен ғасырдың 40 жылдарынан бері жөндеу көрмеген құбыр келісіп алғандай бірнеше жерінен бір-ақ тесіліпті. Тіпті өткен түнде соларды жамап болдық-ау деп, құбырды қайта іске қосқанда тағы бір жерінен ақау шығып, ауыз су жүйесін бүгін де тоқтатуға тура келді.

Биліктегілерге судың мына нөпірі алынбас асуға айналғандай. Шағын қаладағы бірді-екілі жұмыс күшіне әл бермеген құбырмен үш күннен бері алысқандар әбден діңкелеген. 1946 жылдан бері жұмысшының қолы тимеген құбыр әр жерінен үгітіліп жатыр.

Алмас Сүлейменов, Саран қаласы әкімінің орынбасары:

- Әбден тозған, бір жерін жөндеп жатсаң, жыртық көрпе сияқты басқа жері істен шығып жатыр. Енді соны жөндеп жатырмыз. Бірақ жанынан жаңадан қосымша су құбырын тартып жатырмыз. Жеті шақырымның екі жарым шықырымын бітіп қалдық. Тағы қазанның аяғына дейін екі шақырымын айырбастаймыз.  

Шенеуніктер бәрі ойдағыдай болса, қалаға бүгін су берілетінін айтады. Бірақ бірден бәрі қарық болады деп айту қиын. Себебі, ең алдымен резервуарлар мен жылу жүйесіне су толтыру қажет. Өйткені сусыз отырған үш күнде қала тұрғындары жылу жүйесіндегі суды сарқып тастапты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде