Алматыда элиталық кешен тұрғындары ПИК-не ашулы
Алматыда элиталық үйдегі тұрғындар лифтіге кіруге қорқып жүр. Олардың айтуынша, жеделсатыда күнде оқыс жағдай болады. Тіпті 22-қабаттан төмен қарай құлдилап, ішінде сағаттап қалып қойған сәттері көп болыпты. Былтыр ғана келген жаңа пәтер иелері кооперативі бір жылдың ішінде тұрғын үй кешенін түгел тоздырып жіберді деп ашулы.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.10.2020
Қаланың қақ ортасында орналасқан, көптің қолы жете бермейтін «Бұқар жырау» тұрғын-үй кешені. Шетелдік үлгімен салынған 22 қабатты төрт үйдің көрінісінен көзің сүрінеді. Алайда мұндағылардың пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмай жүр. Басқасын былай қойып, бір жабылса ашылмай қалатын жеделсатыда күн сайын қамалып жатыр. Тіпті тілшілер келген сәтте де лифт тоқтап қалды.
Ирина Петроченко, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бірнеше күн бұрын баламды сыртқа ойнатуға шыққанымызда дәл осындай жағдай болды. Көршім 20-шы, ал біз 15-ші қабаттан міндік. Енді өзіңіз ойлай беріңіз. Бар күшпен төмен қарай сырғи жөнелді. Құдай сақтап, балаларымыздың періштесі қағып, 1-қабаттан тоқтады. Үрей мен қорқынышымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Ешкімннің басына бермесін.
Бұдан бөлек, элиталы үйіне ай сайын қыруар қаржы құйып отырған қалталылар «зәулім үйіміз қораға айналып барады» деп ашулы. Соңғы үлгіде салынған баспанаға жөндеу, не тазалық жүргізілмеген. Қызметкерлер саны да қысқарған. Енді аулаға бөгде адамдар кіріп, кешенде кім көрінген кезіп жүретін болды деп отыр.
Гүлжан Сәбекенова, Алматы қаласының тұрғыны:
- VIP-кешен, бизнес-класс дегеннің қызметі өзіне сай болуы тиіс. VIP-аймақ деген бар. Есіктен кіре сала көңілің толу керек. Қандай қызмет көрсету керек. Бізде ондай жоқ. Бүгін, міне, төбеден су ағып жатыр. Шахтаны ашсақ, су ағып жатыр. Оның бәрі тексерілмеген. Мен ашпайынша, олар оны көрген де жоқ.
Ал пәтер иелері кооперативіндегілер бүгінге дейін үй иелерімен жүзбе-жүз кездесіп ешқандай есеп бермеген. Есесіне басшысы тұрғындардың бетінен алып, төске шапқан.
- Е, мылжың Мейрамгүл. Екеуіміз қол алыстық. Сен әзірше үндемей қоя тұрам деді. Не, шыдай алмадың ба? Мейрамгүл, айызың қанды ма, ұятсыз.
Ал басы-қасында бақылап жүрген көмекшісі тұрғындардың наразылығына келіспеймін деп отыр. «Бұл жабылған жала» деуден таңбады.
Әлібек Нұрғали, Пәтер иелері кооперативінің қызметкері:
- Техника болған соң, ақауы болады. Сол сәтте өз орнына келтіріп, жұмысын ары қарай жалғастырып, істетіп жатырмыз. Жиналыс болды, есеп берілді. Соңғы рет көктемде карантиннің алдында. Одан кейін есепті карантинге байланысты холлдарда іліп қоямыз.
Осылайша пәтер иелері кооперативіндегілер өзін сүттен ақ, судан тазамыз деп ағынан жарылды. Бұған қоса, осы айдың аяғында тағы да есеп береміз деп уәде етті. Ал төлеген теңгелеріне қарай тазалық пен тәртіпті талап еткен тұрғындар барлық қажет құжаттарды жинап сотқа арызданбақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!