Сайлау – саяси науқанының шығыны қанша?
Мәжіліс депутаттарының сайлауы 10-қаңтарда өтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осындай Жарлық шығарды. Орталық сайлау комиссиясы жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауын да 10-қаңтарға белгіледі.
Автор: Ербол Тұрымбет
21.10.2020
Екі сайлауды бірге өткізудің арқасында жалпы шығын 10 миллиард теңгеге үнемделгенімен, соның өзінде қымбатқа түсіп тұр. Сайлаудың тағы бір ерекшелігі, жергілікті мәслихаттардың депутаттары да партиялық тізіммен сайланады.
Алдағы жылы 20-наурызда Мәжіліс депутаттарының өкілеттігі аяқталады. Сондықтан Президент заңға сай бес ай бұрын Жарлық шығарып отыр. Демек бүгіннен бастап сайлау науқаны басталды деуге болады. Биылғы сайлаудың бірқатар ерекшелігі бар. Осыған дейін заңға «парламенттік оппозиция» деген ұғым енгізілген. Сондай-ақ, заң бойынша Мәжілістің бір бөлігін жастар мен әйелдер құрауы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жергілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізеді.
Ережеге сәйкес, Мәжіліс депутаттығына соңғы 10 жыл бойы ел аумағында тұрып жатқан, 25 жасқа толған және сайлау құқығына ие Қазақстан Республикасының азаматы кандидат бола алады. Олардың тізімін саяси партиялар ұсынады.
Константин Петров, ОСК төрағасының орынбасары:
- Кандидаттарды ұсыну кезеңі дауыс беру күнінен екі ай бұрын басталады және дауыс беру күнінен қырық күн бұрын жергілікті уақытпен сағат 18-де аяқталады. Яғни ағымдағы жылғы 10 қарашадан бастап 30 қараша күнгі сағат 18-00-ге дейін. Партиялық тізімдерді тіркеу сайлаудан екі ай бұрын басталып, сайлауға бір ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
Ал жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлауы және мерзімі жағынан Президент пен Сенат депутаттары сайлауымен тұспа-тұс келмесе болғаны. Сондықтан екі сайлауды бөле жармай, бірге өткізу туралы шешім қабылданған. Осылайша Мәжіліспен бірге мәслихаттардың 3276 депутаты да 10-қаңтарда сайланатын болды. Жалпы сайлауға кететін биылғы шығын көлемі 10,8 миллиард теңге.
Сәбила Мұстафина, ОСК хатшысы:
- Бұл шығындардың 7,3 миллиард теңгесі сайлау комиссиялары мүшелерінің жалақысына жұмсалады. Тағы 3,5 миллиарды сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық шығындарына жоспарланған. Яғни, бюллетень мен полиграфиялық өнімдер дайындау, ақпараттық қолдау және материалдық-техникалық қажеттіліктерге жұмсалалады. Қалған 341 жарым миллион теңге қорғаныш құралдары үшін керек.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау екі бюджеттік жылдың тоғысында өтіп отырғандықтан, шығындардың бір бөлігі келер жылғы бюджеттің есебінен өтелмек. Сөйтіп алдағы жылы сайлау комиссиялары мүшелерінің еңбекақысына жұмсалатын 4,5 миллиард теңге 2021 жылдың бюджетінен бөлінеді.
Сайып келгенде осы жолғы депутаттар сайлауының жалпы шығыны 15 миллиард 300 миллион теңгеге шығып тұр. Осылайша шығын көлемі бес жыл бұрынғы сайлау мен былтырғы президент сайлауынан да асып түсті. Орталық сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттары сайлауын бөлек өткізген жағдайда, жалпы шығын 25 миллиардқа дейін барады екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!