Отырардағы реставрацияға археологтар мен тарихшылар қарсы
Көне қаланың үстін құрылыс алаңына айналдырған! Археологтар мен тарихшылар көне Отырар қалашығында жүргізіліп жатқан реставрация жұмыстарына қарсы шықты. Тарих жауһарын қалпына келтіреміз дегендер қазіргі заманның құрылыс материалдарын пайдаланып жатыр. Ол көзге ұрып тұр.
Автор: Бек Әбиев
23.10.2020
«Басшылардың көздегені – турист тарту емес, ақша шашу», - дейді мамандар. Олар құрылысты дереу тоқтатуды талап етуде.
Екі мың жылдық тарихында Шыңғысхан әскерінен бір күйреп, 18-ғасырда жоңғар шапқыншылығанан екінші рет ойраны шыққан Отырар қазір қайта қалпына келтіріліп жатыр. Кіреберісіндегі мұнараға дейін жарқырап тұр. Тарихшылар мен археологтардың шамына тиген де осы қайта қалпына келтіру жұмыстары. Ғалымдардың пікірінше, шенеуніктердің көздегені тарих емес, теңге.
Мұхтар Қожа, археолог:
- Кез келген құрылыс, жаңа құрылыс қой енді. Қарасаң, сұмдық! Ана жер, мына жер бар. Екі метрден пәлен метр көтеріп тастаған. Масқара! Ескерткішті бұзу – ертең туристтерді қашыру деп айтайын бұны. Ақшаны босқа шашу деп санаймын. Себебі, турист қызығатын нәрсе – төл, өзінің нәрсесін сақтауымыз керек. Төл дүниесін көру, түпнұсқасын көруге келеді жұрт. Макет көру үшін келмейді.
Отырарартөбеде 30 жылдан астам қазба жүргізіп, кандидаттығы мен докторлық диссертациясында көне шаһар бойынша қорғағанын археолог әрі тарихшы Мұхтар Қожа төбенің үстіндегі батпан құрылыс оның астындағы мәдени қабаттарға ауыр салмақ түсіріп, біржола жойып жатыр дейді. Оны дереу тоқтатуды талап етіп отыр.
Мұхтар Қожа, археолог:
- Заңда бар. Тарихи ландшафттарды, тарихи ескерткіштерге өзгеріс енгізбеу керек деген өткен жылы қабылданған. Сауатсыздық, білімсіздік және мынау ескерткішті кішкентай бір түсіну, ескерткіш осындай болады ау деген сияқты түсінігі жоқ адамдар істеп жатқан сияқты.
Отырардағы қарқынды құрылыс биыл басталыпты. Ондаған жұмысшы көне қаланы қайта тұрғызардай екпінмен жұмыс істеп жатыр. Тіпті ауыр техника да жүр. Соның салдарынан көне шахар қоқыс алаңына айналған.
Отырартөбеде қазба жұмыстары мен қайта қалпына келтіру қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, бір ғана тұрғын үй алабы. 12-ғасырға тиесілі кешенді археологтар жарты жыл бойы қазып, екі апта бұрын бітірген. Енді бұл нысанның тағдыры белгісіз. Бұл жер қазір консервацияда.
Ал қалпына келтіруді жүргізіп жатқан «Қазреставрация» өкілдерінің пікірінше, Отырарда қазба жұмыстары 50 жылдан бері жүргізіліп жатса да, көне шахар туристерге қызық емес. «Жалғыз археологтар түсінетін тарихтың жалпы елге керегі қанша?» деп отыр. Сондықтан, ең алдымен туристерге жағдай жасау керек деген ұстанымда. Ал қалпына келтіруге қанша қаржы бөлінгенін және қанша уақытқа созылатынын айтқысы келмейді
Сәдуақас Ағытаев, «Қазреставрация» РМК ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының директоры:
- Өз ескерткіштерімізді, өз құндылықтарымызды дала күйінде, шашылып жатқан күйінде қалдыра берсек, осы күнге дейін солай боп жатты. Ал енді өйтіп жатқыза беруге де болмайды. Ол жағдайда бірінші халықтың қызығушылығы тумайды. Екіншіден, өз тарихымызды білмей кетеміз.
«Отырардағы жобаны мәдениет министрлігі құптады», - дейді «Қазреставрация» өкілдері. Археологтар енді мәдениет министріне үндеу жасамақ. Егер мәселе елімізде шешілмесе, ЮНЕСКО-дан көмек сұраймыз деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!