Ауыл бағдарламамасының дәрежесін көтеру не береді?
«Ауыл ел бесігі» бағдарламасына ұлттық мәртебе беру керек. Бүгін Сенатта парламенттік тыңдау өткізген депутаттар осындай тоқтамға келді. Әйтпесе, жабулы қазан сол күйі қала бермек. Өйткені бағдарлама ешқандай зерттеу жүргізілместен жүйесіз жасалған.
Автор: Ербол Тұрымбет
23.10.2020
Соның кесірінен мардымды нәтиже де жоқ. Есесіне, бүгінде ауыл жұртының табысы аз, несиеге белшесінен батқан. Ал ауыз су мен жол, интернет сапасының сын көтермейтінін бес жасар балаға дейін біліп болды. Ауыл бағдарламамасының дәрежесін көтеру не береді?
Талдау мәліметтеріне қарасақ, ауылдағы әрбір отбасының орташа табысы шамамен 82 мың теңге. Ал сол әрбір отбасының мойнында 900 мың теңгеден несие берешегі бар. Осыдан соң ауыл экономикасы туралы сөз қозғап көріңіз. Жалпы, ауылды дамытуға 2004 жылдан бастап «Ақбұлақ», «Моноқалаларды дамыту», «Ауылдық территорияларды дамыту» сынды 6 бірдей бағдарлама қабылданыпты.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметтеріне қарасақ, сол бағдарламаларға 2 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал нәтижесінде не болды? Соңғы бес жылда 300-ден астам ауылдық мекеме қысқарып кеткен. Екі миллионнан астам үй шаруашылығының 42 пайызы ғана тұрақты табысы бар екенін көрсетіп отыр.
Ресми статистика бойынша, қалада жан басына шаққандағы табыс 66 мың, ал ауылда 46 мың теңге. Бірақ сенаторлар шын мәнінде одан әлдеқайда төмен дейді. Ал «Ауыл ел бесігі» деп әдемілеп айдарлаған бағдарлама ешқандай түбегейлі сараптама жасалмастан қабылданып кеткенін ашық айтып отыр.
Ақылбек Күрішбаев, Сенат депутаты:
- Осындай олқылықтар «Ауыл ел бесігі» жобасының қаржылық бөлігін әзірлеудегі кемшіліктерден де туындаған. Ол контурлық түрде, тек болжам бойынша жасалған. Себебі, оны дайындау кезінде ауылдық елді-мекендердің санаттарына ешқандай терең зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Және мұндай жұмыстар тек келесі жылға жоспарланған.
Ауылдың әрін қашырып тұрған экономикалық әлсіздігі ғана емес, қажетті маман тапшылығы да жараның үстін тырнап тұр. Бүкіл елдегі мұғалім жетіспеушілігінің 75 пайызы, яғни, 2200-і ауылдарға тиесілі. Қалада 10 мың адамға 56 дәрігерден келсе, ауылда небәрі 16-ақ дәрігер.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, мыңнан аса медицина мекемесін салу жоспарланған. Бірақ ол ендігі жылдардың еншісіндегі шаруа. Мұның бәрі талайдан бергі белгілі кемшіліктер болса да, аталған бағдарламаны жүргізуі тиіс Ұлттық экономика министрлігі енді ғана көз жеткізіп жатқандай.
Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Талдау нәтижелеріне қарасақ, әрбір бесінші ауылда мектептер мен балабақшаларға, ал әрбір үшінші ауылда ауруханаларға, дәрігерлік амбулаторияларға, фельдшерлік-акушерлік пункттерге және медпунктерге жөндеу жүргізу керек. Бүкіл ауылдың 36 пайызы, яғни 2 мыңнан астам ауыл сапалы ауыз суға мұқтаж. Сондай-ақ, шамамен 30 мың шақырым жергілікті жолды жөндеу қажет.
Ауылдың экономикалық жағдайы әлсіреген соң халықтың жаппай қалаға ағылатыны түсінікті. Оны деректер де көрсетіп отыр. Мысалы, 2011 жылы ауыл халқының үлесі 45,4 пайызды құраса, қазір ол 41,3 пайызға түсіп қалған. Былтырдың өзінде жарты миллион адам ауылдан қалаға қоныс аударған. Оның үстіне ауылдағы еңбекке қабілетті тұрғындардың 40 пайызы қалаға көшуді жоспарлап отыр.
Бүгінгі жиын қорытындысы бойынша, сенаторлар «Ауыл ел бесігі» бағдарламасын ұлттық дәрежеге дейін көтеру керек деген тоқтамға келді. Соның арқасында ауылға қатысты бүкіл бағдарламалар мен бюджет қаражатын бір жерге біріктіріп, ауылға әр жерден тиіп-қашпай, кешенді жоспармен жұмыс істеу керек дейді. Бұл ұсынысты енді Үкімет қарайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!