{metadescription}
«Бораттың қорлығына төзбейміз!» – Бір топ белсенді АҚШ консулдығына жиналды
«Бораттың қорлығына төзбейміз!» – Бір топ белсенді АҚШ консулдығына жиналды

«Бораттың қорлығына төзбейміз!» – Бір топ белсенді АҚШ консулдығына жиналды

«Бораттың қорлығына төзбейміз!». Алматыда бүгін бір топ белсенді АҚШ  консулдығының алдына жиналды. Қолдарында атышулы фильмге қарсы петициялары бар. Өздерін «Намыс» қозғалысының белсенділері етіп таныстырған жігіттер «Амазон прайм» сайтынан фильм көрсетілмесін деп, талап-тілегін америкалық дипломаттардың қолына ұстатты.

Саша Барон Коэннің бұл шумен шатағы да жоқ. Австралияда өзіне ескерткіш қойғызып, Бораттың егіздері көк туымызбен жағажайда шерулетіп жүр. Ұлттық рәмізді бұлай қорлаған шетелдіктерді жазаға тартуға бола ма?

Бораттың тайраңдауы жігіттердің қанын қарайтып, қолына ту ұстатты. Сөзі Сашаның өзіне жетпегенмен, оның туындысын көрсетуге тыйым салар деген үмітпен АҚШ консулдығы алдына келіп, талаптарын айтты.

- АҚШ тың елшілігі тарапынан қатаң шара қолданып, актердің және барша ұйымдастырушылардың қазақ халқынан кешірім сұрауын талап етеміз!

Күні кеше Австралияда Боратқа ескерткіш қойылып, көк туымыз жағажайда қор болғаны олардың қытығына тиген. Бір түнде «намысы оянған» 45 адам петицияға қол қойып үлгеріпті. Бұл жағдайды біле тұра, үнсіз жатқан Сыртқы істер министрлігіне де өкпелері қара қазандай.

Мақсат Мамадияров:

- Олар әлі үнсіз. Білмеймін мен, қашанға дейін жалғасатынын. Сондықтан Сыртқы істер министрлігі, сіздердің құлақтарыңызға алтын сырға, осы масқараны заң жүзінде қолдансаңыздар, қолға алсаңыздар. Себебі, біз қазір үндемесек, ертең бұл тағы да басқаша бір жайттарды масқаралауы мүмкін.

- Боратқа айып таққанмен, ол хайптан алдына жан салмай тұр. Сиднейдің жағажайына тек бір тәулік тұратын 6 метрлік ескерткіші тікұшақпен жеткізілді.

Қызықтың көкесі содан кейін басталды. Бұтына бетперде ілген Бораттың егіздері есі кетіп ескерткішке табынды. Толған тудың ортасында ырғақпен, шат-шадыман күйде биледі. Одан қалды, серфингпен теңізге шықса да қолынан көк туды тастамағанына қарап, сырт көз «неткен патриот» деген ойға кетер. Сайып келгенде бұл бүгін интернетте тұсаукесері өтетін фильмнің жарнамасы. Ал оны көріп бұлқан-талқан болған біздің намысшыл жастардың петициясына АҚШ-тың дипломатиялық өкілдігі бейтарап жауап берді.

Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық өкілдігі:

Бүгін Америка Құрама Штаттарының Алматыдағы Бас консулдығына «Борат-2» фильмінің шығуына наразылық білдірген топтың атынан петиция келіп түсті. Ешқашан Америка Құрама Штаттары үкіметінің бұл фильмді қаржыландыруға, өндіруге немесе таратуға қатысы мен үлесі болмаған. Біз азаматтардың өз ойын бейбіт түрде білдіре алуын қолдаймыз.

Ал қанша жерден ту үшін тулағанмен, шетелде өткен шараның ұйымдастырушыларын заңмен жауапқа тарту мүмкін емес екен.

Серік Берқамалов, заңгер:

- Біздің құқықтық жүйеміздің бұл жағдайда қолынан келер қайран жоқ. Басқа азаматтарды осындай әрекеті үшін жауап бергізетін құралымыз жоқ. Бұл жағдайда негізгі мәселе этикаға келіп тіреледі. Мәдениетті адам мұндай қадамға бармайды. Сондықтан оған қатты мән берудің де қажеті жоқ деп ойлаймын.

Бір қызығы, бар жағдайды біле тұра, «сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» дегендей, Сыртқы істер министрлігінің үні шықпай қалды. Бораттың ұлттық рәмізбен өткен шеруін олар қорлық көрмесе крек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде