{metadescription}
Алматыда КВИ-мен ауырған жедел жәрдем дәрігерлері өтемақы ала алмаған
Алматыда КВИ-мен ауырған жедел жәрдем дәрігерлері өтемақы ала алмаған

Алматыда КВИ-мен ауырған жедел жәрдем дәрігерлері өтемақы ала алмаған

Коронавируспен ауырса да, өтемақы ала алмаған. Алматыда медициналық жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері осылай шу шығарды. Ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімде жұмыс істейтіндердің айтуынша, жеме-жемге келгенде, оларды «өтемақы алатын санатқа жатпайсыңдар» деп тізімнен сызып тастапты.

Орталық басшылығы оларды мазақ қылғандай «санитарлық талапты сақтамадыңдар және вирусты жұмыстан басқа жерде жұқтырдыңдар» дейтін көрінеді. Мұндай қорлыққа шыдамайтынын айтқан қызметкерлер «жанайқайымызды тыңдайтын жан қалмады» деп қапалы.

«Тиісті өтемақыдан қағылдық» деген бұл кісілер ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімде қызмет атқарады. Бәрінің медициналық білімі бар. Айтуларынша, барлығы коронавирус жұқтырып, емделіп шыққан соң жұмысқа қайта кірісіпті. Бірақ вирустың құрығына іліккен медицина қызметкерлеріне берілетін 2 миллион теңгеден қолға соқыр тиын да тимеген.    

Арай Кәріқұлова, Медициналық жедел жәрдем қызметі ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің қызметкері:

- Себебі, 129-бұйрықта барлық медицина қызметкерлеріне төленеді деп айтқан. Осы пандемия кезінде біз бар күшімізді салдық, біз де жұмыс істедік. Бірақ та қалай екені белгісіз, ең соңына келгенде тізімнен сызып тастады.

Әділдік іздегендердің айтуынша, диспетчерлік бөлімде 120 адам еңбек етсе, соның 20-дан астамы  коронавируспен ауырыпты. Алғы шепте індетпен күрескендер сол кезде мекеме ғимаратында сақтық шаралары мүлде ұмыт қалғанын айтады. Ең сорақысы, басшылық оларға қолдау білдірмек түгілі, «санитарлық талапты сақтамадыңдар және вирусты өзге жақтан жұқтырдыңдар» деп айыптаған көрінеді. Алайда тауы шағылған топ қауіпті инфекцияны жұмыс кезінде жұқтырғанына сенімді. 

Рано Мурдинова, Медициналық жедел жәрдем қызметі ақпараттық-шұғыл диспетчерлік бөлімінің қызметкері:

- Біз №6 бөлімшенің жанында жұмыс істейміз. Олар қоңырау түскен жаққа барып келетін қызметкерлер. Бәріміз бір есіктен кіріп-шығып, бір баспалдақпен жүреміз. Басшылық мұны есепке алмастан, «сендер сырқаттармен байланысқа түскен жоқсыңдар» деді. Бізді кабинетте ғана отырған диспетчер деп есептейді. Тіпті бір әріптесіміз вирустан қайтыс болды. Марқұмның отбасына өтемақы да төленген жоқ.

Алайда жедел жәрдем қызметінің басшылығы шағымданушылардың уәжімен келіспейді. Олардың ойынша, диспетчер бөліміндегілердің байбалам салуына негіз жоқ. Өйткені жауапты министрліктің бұйрығына сәйкес, аталған қызметкерлер өтемақы белгіленген тізімге енбеген.   

Андрей Ложкин, «Медициналық жедел жәрдем қызметі» директорының орынбасары:

Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлескен бұйрығына орай,  бұл қызметкерлер өтемақы төлеу жөніндегі ешбір санатқа жатпайды. Ал олар вирусты қайдан жұқтырды деген сұраққа жауап беру біздің құзіретімізге кірмейді.

Мәселенің мән-жайын білмекке хабарласқанымызда Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері алғашында бір-біріне сілтеген еді. Соңында ведомство мамандары Алматы қалалық өңірлік комиссия құрамы шешім шығарған соң төлем жасалатынын айтты. 

Коронавируспен сырқаттанғандықтан әлі де өтемақыдан үміті бар қызметкерлер қаладағы талай жауапты мекеменің табалдырығын тоздырыпты. Бірақ дәрігерлердің жанайқайын тыңдайтын жан табылмаған. Енді кімнен көмек күтерін білмей, екі ортада сенделгендер Президентке ашық хат жолдайды.  

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

31 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде