Алматыда бір тәулікте 51 адамнан КВИ анықталды
Алматыда коронавирус қайта күшейе бастады. Тек бір тәуліктің өзінде ауру 51 адамнан анықталған. Оның 30-ы – қалалық хоспистің қызметкерлері мен науқастары.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
23.10.2020
Қазір індет ошағына айналған паллиативтік көмек орталығы карантинге жабылып, коронавирустың құрығына іліккендер инфекциялық стационарларға жатқызылған. Шаһардың бас санитар дәрігері де эпид-ахуал ушығып, індетке шалдыққандар тоғыз есеге артты деп дабыл қақты.
Алматыдағы эпид-ахуал қазір алаңдатарлық. Әсіресе соңғы тәуліктегі көрсеткіш көңіл көншітпейді. Кешелі бері шаһарда індетке 51 адам шалдыққан. Оның жетеуінің қос өкпесі қабынған. Науқастар санының соңғы апталарда еселеп артқанын қаланың бас санитар дәрігері де айтып отыр.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
- Тәуліктік өсім 0,3 пайыз, жұқтыру коэффициенті 1,37. Коронавирус оқиғасының өсуі ағымдағы айдың бірінші аптасына қарағанда 9 есе өсті. Қаладағы жағдай күрделене түсуде. Соңғы тәулікте коронавирустың 44 оқиғасы тіркелді.
44 науқастың 30-ы қалалық хоспистан шығыпты. Паллиативтік көмек орталығындағы 24 науқас пен 6 қызметкердің қанынан СOVID-19 вирусы табылған. Індет ошағына айналған хоспистен жедел жәрдем көліктері бүгін соңғы науқастарды қосымша стационарларға әкетіп жатыр. Ал онсыз да айықпас дертке шалдыққандардың соңғы тұрағы болған медициналық мекеме карантинге жабылды.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
- Бұл жағдай тест арқылы анықталды. Бәрі де симптомсыз болған. Үй жағдайы болмағандар инфекциялық стационарларға орналастырылды. Үй жағдайы жоқтар үйінде медициналық бақылаудан өтеді. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен бірігіп тексеру өткізіп жатырмыз.
Алматыда коронавируспен күресіп жатқан жандардың жалпы саны 15 мыңға жуықтады. Осы күнге дейін 279 адам аурудан ажал құшқан. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин той-томалақ пен мерекелік шара тыйылмайынша, жағдай оңалмайды деп отыр. Сондықтан ол тұрғындарға санитарлық ережені қатаң сақтап, халық көп шоғырланған жерлерге бармауды сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!