Енді мигранттар құжатын ХҚКО рәсімдейді
Шетелдік еңбек мигранттары құжат рәсімдеу үшін бұдан былай ішкі істер органдарын жағаламай, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барады. Қараша айынан бастап елдегі барлық халыққа қызмет көрсету орталықтары миграциялық қызметті де көрсетеді.
Автор: Ербол Тұрымбет
26.10.2020
Галина Сәрсенова, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұрын барлық мәліметті қағазға толтырып, оған анкета мен өтініштерін тіркеп жүретін. Ол бірнеше күнге созылатын. Қазір оның барлығы ақпараттық жүйеде орындалып, бірнеше сағатта бітетін болды. Өйткені, Халыққа қызмет көрсету орталығының жүйесінде барлық мемлекеттік органдардың деректері біріктірілген.
2018-19 жылдары 18 халыққа қызмет көрсету орталығы жанынан миграциялық қызмет көрсету оталықтары ашылған. Шетел азаматтарына қатысты барлық дерек сол жерге тоғыстырылған. Бұл бастама барлығының көңілінен шығып, енді бүкіл ел аумағына тарап отыр.
Енді елімізге жұмыспен келген шетел азаматы бұрынғыдай ішкі істер органдарының есігіне телмірмей, халыққа қызмет көрсету орталығына барады. Еңбек мигранттарының елге келуі ақысыз емес. Елде болған әр айы үшін екі айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлейді.
Жалпы жыл басынан бері мемлекет қазынасына 3 миллиард теңгеден астам салық түсіпті. Әзірге тек еңбек миграттарына қатысты болғанымен, жыл соңына дейін шетелден келетін азаматтардың барлығы керекті қызметін осы халыққа қызмет көрсету орталықтарынан алмақ. Тек азаматтық алу, саяси баспана беру сынды маңызды қызметтер ғана Ішкі істер министрлігінің құзырында қалады.
Самат Иманғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары:
- Бұған дейін бұл қызмет түрі Нұр-Сұлтан қаласы бойынша бір-ақ орталық 0 Иманова көшесі, 31 мекенжайында орналасқан ХҚКО-да көрсетілген болса, бүгінгі күні қалада 6 ХҚКО-да көрсетіліп жатыр. Келген шетел азаматтарына қаланың кез келген жерінде тіркелу мүмкіндігі туып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!