Енді ПТР-тест анықтамасы тек шетелдік азаматтардан талап етіледі
Қазақстандықтар енді ПТР-тесттен өтпей-ақ, еш кедергісіз елге кіре алатын болды. Бірнеше күннен бері елді әбден шатастырған шенеуніктердің шешімі бүгін тағы өзгерді. Коронавирустың бар-жоғын тексеретін тест анықтамасы тек шетелдік азаматтардан сұралмақ.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
27.10.2020
Сәдуақас Байғабылов, ҚР Көліктегі бас санитар дәрігері:
-Біздің азаматтарға ПТР-тест мемлекет есебінен төленеді. Яғни, тегін. Оларды ешкім де екі күн ұстап отырмайды. Алты сағат өткеннен кейін, кейде одан ерте уақытта тест нәтижесі теріс шықса, үйіне жіберіледі. Ал оң нәтижемен қорытынды болса, инфекциялық стационарға жатқызылады.
Қазақстанға ұшып келетін шетелдіктердің қолында міндетті түрде «коронавирус жоқ» деген анықтама болуы шарт. Бүгіннен бастап әуе компаниялары да бортқа жолаушыларды тек тиісті құжатпен кіргізе алады. Бұрынғы қаулыға сәйкес, қазақстандық жолаушылар ПТР-тест нәтижесінсіз әуе рейсіне кіргізілмеген-ді. Бүгін түнде шекара асып келген 42 отандасымызды Алматының санитарлары екі күнге карантинге жатқызған. Ал қатаң шектеуге міз бақпаған әуе тасымалдаушылар да төрт жарым миллион теңге айыппұл арқалайды.
Қазақстандық шенеуніктерге қатысты ПТР-тестің ережесі өзгерді. Қол алысып амандаспау былай тұрсын, енді шенділер жиындарға Covid-19-ға тексеріліп, таза екендігін растайтын анықтамамен ғана қатыса алады. Қаулы мәтіні мынадай:
ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы:
- Кеңеске (отырысқа) дейін кемінде үш тәулік бұрын алынған КВИ-ға ПТР әдісімен тестілеудің теріс нәтижесінің болуы;
- Жиын өткізілетін үй-жайда болған барлық кезең ішінде респираторлық үлгідегі медициналық масканы пайдалану;
- Әлеуметтік қашықтықты сақтау;
- Қол алысуды немесе тікелей байланыстың басқа да нысандарын болдырмау.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!