Еңбекшіқазақ ауданы Мәдениет үйінен жұрдай болған
Аты бар да, заты жоқ! Алматы облысы Қаражота ауылының тұрғындары Мәдениет үйі қайтадан халық игілігіне жұмыс істегенін қалайды. Мекемені 14 жыл бұрын атқамінерлер жеке қолға сатып жіберген көрінеді. Содан бері жергілікті халықтың мерекеде баратын жері мен балаларын өнерге баулитын үйірмелері жоқ.
Автор: Асқарбек Қазанғап
28.10.2020
Ал құжат жүзіндегі қожайыны Мәдениет үйін қайта мемлекетке сатуға қыруар қаржы сұрапты. Еңбекшіқазақ ауданында осы секілді Мәдениет үйін қайтара алмай отырған бірнеше ауыл бар. Әкімдіктегілердің бұл жағдайға айтар жауабы мен тұрғындар базынасын тыңдап қайтқан тілшіміз тарқатсын.
Маңдайында «мемлекеттік кәсіпорын» деген тақтайшасы болғанымен, бұл мәдениет үйі 2006 жылы жеке кәсіпкерге сатылып кеткен. «Қазаншының» еркіне салған қожайын аумаққа туысының ескерткішін қойған. Іште той-тоймалақ өткізіп, шырқын бұзған көрінеді. Біраз жылдан бері қаңырап тұрған ғимаратты құжаттағы иесі енді не өзі пайдаланбай, не өзгелерге бермей отыр екен.
Нұранбек Османов, Қаражота ауылының тұрғыны:
-Ел-жұрт аузына алып жүрсін десе, Мәдениет үйін қайтарсын! Жоқ, қайтармаймын десе, ел-жұрт болып біз Президентке дейін барамыз! Сонда бұл не, біз қаңғырып қалған жұрт болдық па?
Бақытжан Мергенбаев, Қаражота ауылының тұрғыны
-Жекешелендіруге біз неге осындай Мәдениет үйлерін, әлеуметтік нысандар салынатын жерлерді сатып жібердік? Мәдениет үйі қаңырап бос тұра беретін болса, бетонның да өзінің шектеулі уақыты бар. Ол да шіриді, құлайды.
Мәдениет үйі деген атауы болғанымен, аумақта мал жапасы, қоқыс жатқанына қарап, «қора ма?» деп қаларсың. Қожайыны тазалыққа құлық танытпайтын сыңайлы. Мәдениет үйінің сырты бүтін болғанмен, ішінің күйі кеткен. Артқы есік ашық болғандықтан, кез келген адам ішке кіре алады. Кезінде жастар спортпен айналысқан волейбол залы жұттан шыққан ауылдың күйін кешкен. Ғимараттың қараусыз жатқанын пайдаланған кейбір адамдар Мәдениет үйінің мүлкін талан-таражға салып ұрлаған.
Ауыл тұрғындары талай мәрте мәселені көтеріп әкімдікке хат та жазған. Соңғы келген жауапта қайтарылмайды, сот шешімі солай деп, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі қысқа қайырыпты. Мұндай мәселе Қаражотаға қоңсылас жатқан Ашысай ауылында да бар. Қабырғасы 1959 жылы қаланған мәдениет үйі 2006 жылы сатылыпты. Қазір қалған сұлбасы осы. Кезінде концерт өткен залды қазір күн ыстықта малдар паналайды. Жыл басында облыс әкімі Амандық Баталов мәселені шешсін деп тапсырма беріпті. Бірақ әлі қозғалған сең жоқ. Мәдениет үйінің иесі әкімдікке сататын сомасына әлі келісе алмай жатыр екен.
Марат Исабеков, Ашысай ауылының тұрғыны:
-Ол кісі базарда мал сатып отырғандай, 20 млн. теңге деді, одан кейін сәл мәмілеге кел, сөйлесейік деп едік, 15 млн-ға түсті. 15-тен 10 млн ға түсті. «Жоқ, осыны сатып алсаңдар алыңдар, алмасаңдар қойыңдар» деді.
Дәулетхан Оразбаев, Ашысай ауылының тұрғыны:
-Негізі Мәдениет ошағы қайтадан жандандырып, қайта жұмыс істеткізу керек болған. Бірақ осы уақытқа еш жұмыс істелінгенде жоқ. Бұл жерде тіпті кісі өлімі де болды.
Аудандық әкімдік жағдайдан хабардар. Ащысайда жаңа Мәдениет үйі салынатынын, оған жер телімі де белгіленгенін жеткізді. Ал Қаражота тұрғындарына кезінде меншік мемлекетке қайтарылмайды деп жауап бергенімен, бұл мәселе өз шешімін табады деп сендіріп отыр.
Салтанат Беспаева, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:
-Жекеменшік иесі өзінің нақты бағасын айтқан жоқ. Нақты бағасы айтылғаннан кейін біз облыстық мәдениет және архивтер басқармасына хат жазамыз. Хат жазғаннан кейін ол Мәдениет үйін мемлекет тарапына қайтару мәселесі көтеріледі. Одан кейін барып сол күрделі жөндеу жұмыс жүргізіп, халық игілігіне жұмыс жасайды.
Атқамінерлер бүй дегенмен, тұрғындардың құр уәдеге сенгісі жоқ. Өйткені әкімдік жұмыстың нақты реттелу уақытын айтпады. Мәселе бір жақты болмаса, Мәдениетке алаңдаған халық Ақордаға дейін шағымданамыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!