Депутаттар: Экологиялық кодекс жобасын ауылды білмейтін шенеуніктер жазған
«Екі-үш ай ауылда тұрып қайтыңыз». Мәжіліс төрағасы экология министріне осындай кеңес айтты. Өйткені депутаттар жаңа Экологиялық кодекс жобасын ауылдың иісі мұрнына бармайтын шенеуніктер жазған дейді. Ал мәжілісмендердің шамына тигені - заңдағы барлық үй жануарын декларациялау мәселесі.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
28.10.2020
Мұрат Теміржанов, Мәжіліс депутаты:
-Үшінші санатқа 100 бастан аз малы немесе құсы бар шаруашылықтар жатады. Ол: сиыр қора, тауық қора, ат қора, шошқа қора. Бұл жерде 100 бастан кем десе, ол 50, 10 және 5 болуы мүмкін. Осыған байланысты, менің мынадай сұрағым бар: 20-30, тіпті 100 тауығы бар жеке кәсіпкер қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтың түрі мен саны туралы ақпарат беруі үшін не істеуі керек?
Егер азаматтар декларация тапсырмаса, онда әкімшілік жауапкершілікке тарту қаралған. Кодекс жобасына сәйкес, ол жеке кәсіпкерге де, қарапайым ауыл тұрғынына да қатысты. Осы тұста депутаттар «5-10 тауығы бар адам декларациялауға облыс орталығына бару керек пе?» деген мәселеге бас қатырды.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
-Шын мәнінде заң жобасының осындай нормасын оқыған кезде, бұл норманы жазған адам ауылда болды ма? Болмаған шығар. Шіркін, осы норманы жазған маманды екі-үш айға ауылға жіберсе. Сонда тауық пен сиырдың айырмашылығын түсінетін болар. Қалай ойлайсыз, министр мырза?
- Дайынбыз!
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!