Отар қойы ұрланған шопанды тергеуге алған – Алматы облысы
Жолы болмас ұрының полицей шығар алдынан. Алматы облысында алпыс шақты қойды қорадан алып кеткендер кездейсоқ ұсталып қалды. Көлігі батпаққа батып тұрған оларды патрульдік полиция байқап қалған. Алайда сұғанақтар сөзден жаңылмапты. Қылмысын жасыру үшін қулыққа барып, ұсақ малды қойшының өзі шығарып берді деп бөскен.
Автор: Диас Нұрақын
28.10.2020
Сондықтан мал-мүлкінен айырылып қалған шопан түннен бері тергеуге алынып жатыр. Ал жабық көлікке тиелген 60 шақты қойдың 41-і тұншығып арам қатқан. Оқиғаның жай-жапсарын тілшіміз біліп келді.
Арам қатқан ұсақ малдарды түнде ғана Тоқтарбек қойшының қорасынан белгісіз біреулер ұрлап кетіпті. Күдіктілер 160 бас қойдың 52-сін көлікке тиеп із жасырмақшы болған. Алайда жарты жолда балшыққа батып қалған жүк көлігін патрульдік полиция қызметкерлері байқап қалады. Бірақ тәртіп сақшыларына ұрылар малдың құжаттын көрсете алмапты. Есесіне, «қойларды қойшының өзі шығарып берді» деп бет бақтырмаған. Сондықтан тәртіп сақшылары ұрылармен бірге шопанды да тергеудің астына алып жатыр.
Тоқтарбек Нұрәділ, шопан:
-Мен, мал баққан адам – кінәлі болып тұрмын. Малды өзім сатқан болып тұрмын. Малды ұрлаған адамды ұстап алдық, оны сұрамай, малы жоғалған адамды сұрап жатыр. Малымды жоғалтып жылап-еңіреп жүрсем, олар келіп «сен кінәлісің» дейді. Осы дұрыс па?
Ұрланған ұсақ мал ұн таситын жабық көлікке тиеліпті. Сондықтан 52 бастың 41-і тұншығып арам қатқан. Тағы төрт қойдың белі үзіліп кетіпті. Өлекселер бүгін күні бойы Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының алдында жатты. Ал қойшыға мал қосып, бір күнде малынан айырылған азаматтар «шығынды кім өтейді» деп зар илеуде.
Ақжол Молдаш:
-Өзімнен өліп қалған – 15 қой. Үш бас – тірі. Барлығы 18 бас. Жалпы барлығын ұрламақшы болған екен. Милицияға ұсталып, қалған қойды далаға қалдырып кеткен.
Ал полицейлер ұрылардың нақты қанша адам екенін жасырып отыр. «Тергеу құпиясы» деген желеумен ашып ештеңе айтпады.
Жақсылық Алтынбаев, Еңбекшіқазақ аудандық ПБ бастығының орынбасары:
-Қазір мал ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Ұрылардың басқа да қылмысқа қатысын тексереміз. Қой ұрланған фазендада жұмыс істейтін азаматтардың осы қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда.
Ал қой тиелген көлік жеке адамға емес, шымкенттік компанияға тиесілі екен. Күдіктілердің барлығы Алматы облысының тұрғындары. Енді олар тергеу аяқталғанша екі ай қамауда отырады. Ал арам қатқан қойлар өлексе тастайтын жерге жеткізілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!