Эксгумация жасалған нәрестенің мәйіті жоғалып кеткен – Алматы облысы
Алматы облысында эксгумация жасалған нәрестенің мәйіті бір жылдан бері ұшты-күйлі жоқ. Қайғыдан қан жұтқан отбасының айтуынша, былтыр қазан айында мәйітті қабірден қазып алып Алматыға, одан әрі Нұр-Сұлтан қаласына алып кеткен. Бірақ туысқандары баланың неден өлгенін және ДНҚ сараптамасын анықтайтын қорытынды құжатты алмақ түгілі, мәйітті таппай қалған.
Автор: Мақсат Мәлік
28.10.2020
Ал басында әр нәрсені сылтауратқан тәртіп сақшылары соңында мардымды жауап бермейтін көрінеді.
-Міне, осылай тып-тыныш. Табыт бос тұр. Қашан әкеледі, қашан жерлейміз деп денесін күтіп отырмыз.
Бейіт басындағы сұмдық көрініс көрген жанның аза бойын қаза қылады. Нәрестенің аты-жөні жазылған белгі жерде жатыр. Қайта қазылған қабір ішіндегі кішкентай табытқа қараудың өзі қорқынышты. Жанары жасқа шыланған Ульяна Давыдованың айтуынша, қабірдің ашық-шашық жатқанына тура бір жыл толыпты. Немересі перзентханада көз жұмған әже кейін шарананың өліміне күмәнданып, соңында эксгумация жасатуға бел буады. Өткен жылдың қазан айында мәйітке әуелі Алматыда сараптама жасалыпты. Бірақ баланың денесі қатты бүлінгендіктен, желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласына жөнелтіпті.
Ульяна Давыдова:
-Сол уақыттан бері ешбір құжатты да, сәбидің денесін де көрмедік. Тіпті мәйіттің қайда екенін білмейміз. Нендей жағдай болғанынан хабарымыз жоқ. Басында сараптамаға екі-үш ай кетеді деп айтқан. Соның өзіне алдағы желтоқсанда бір жыл толады.
Шағымданушының қызы былтыр мамыр айында Алматы облысының Есік қаласында босанған. «Алғашында баланың жағдайы жақсы болған», - дейді қайғыдан қан жұтқан отбасы. Суретке түсіріп үлгерген Артемді дәрігерлер тексеруге алып кетеді. Содан қайтып оралмаған шақалақ жан сақтау бөлімінен бір-ақ шығып, екінші күні қайтыс болады. Басында оған өкпесінде кінәрат бар деген диагноз қойылған. Алайда әжесі мәйіті көргенде сәбидің беті қатты қанталағанын байқайды. Ең сорақысы, құжат қолына тигенде туған күні мен қан тобынан қателік анықталған. Осыдан секем алғандар баланы ауыстырып жіберуі де мүмкін деп қауіптенеді. Бірақ әлі күнге нәрестенің неден өлгенін және ДНҚ сараптамасын білмеген туысқандары «мәйітті бұлай қорламаса екен» дейді.
Татьяна Каменская:
-Төрт айдың ішінде мәйіт қатты бүлініп, ДНҚ анықтауға жарамай қалды дегенге сенбеймін. Егер бала расымен біздікі болса, құжаттарды берсін, көрсетсін, жерлеңдер десін. Ашылған табыттың бір жыл бос тұрғаны жанға батады. Бұл адамшылыққа жатпайды ғой. Бейіт басына келуге қорқамыз.
Ульяна Давыдова аудандық ішкі істер бөлімінің талай мәрте табалдырығын тоздырғанын айтады. Карантинді сылтауратқан тергеуші күнде ертеңмен қайтарып отырған. Табанынан таусылған ол екі апта бұрын басшыға кіріп, істің мән-жайын сұрапты. Бірақ ,кешке хабарласамыз, деп уәде еткен тәртіп сақшылары тағы сөзбұйдаға салыпты.
Ульяна Давыдова:
-Мәйітті жерлеп те тастаған шығар. Басқа ой келер емес. Тергеушіні іздеп таппақ түгілі, қоңырау шала алмайсың. Ішкі істер бөліміндегілердің қолынан уәде бергеннен басқа ештеңе келмейді. Әлі жауап күтіп жүрміз.
Полициядан күдерін үзген отбасы аудандық прокуратураға шағымданыпты. Алайда қадағалаушы органдағылар «дәлелің жоқ» деп, келемеж етті дейді олар.
Бүгін Әділет министрлігі мен Облыстық полиция департаменті аталған істі назарға алғанын жеткізді. Ал тағаты таусылған отбасы «періштенің жаны тыныш тапса» деп тілейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!