Мақатта 125 миллиондық екі жобаның құрылысы аяқталмай қалған – Атырау облысы
Атырау облысындағы аудан орталығында жалпы құны 125 жарым миллион теңге болатын екі жобаның құрылысы мердігердің жауапсыздығынан аяқталмай қалды. Қазақ мұнайының қара шаңырағы - Мақат кентінде құрылысы үш жыл бұрын басталған орталық алаң мен саябақтың келбеті көшкен елдің жұртындай әлі қаңырап тұр. Ал мемлекеттің қыруар ақшасын қалтасына басып алған мердігер ұшты-күйлі жоқ.
Автор: Бекен Әлирахым
29.10.2020
Орталық алаңға 70 миллион 800 мың теңге, ал демалыс саябағына 54 миллион 700 мың теңге бөлінген. Мердігер бірінші нысанға қазынадан бөлінген ақшаның 67 миллионын, ал екінші нысанның 49 миллионын «игердік» деп есеп берген. Ал іс жүзінде құрылыс-сметалық жобамен демалыс орындарында жайқалған гүлзар, көгалдар мен су бұрқақтары, балаларға арналған ойын алаңдары болуы тиіс еді. Бірақ оның бірі жоқ, қалқайған қабырғалар мен жерге төселетін кірпіштер ғана шашылып жатыр. Тендерді жеңіп, аталған нысандарды халық игілігіне беруді міндетіне алған «Масштаб Строй Групп» ЖШС-гі атынан заты асқан, яғни жауапкершілігі мүлдем төмен екенін көрсетті. Ал жергілікті атқамінерлер енді не ақшасын қайтара алмай, не құрылысты аяқтата алмай дал.
Қаржау Шарғабаев, Мақат аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Қабырғалары салынғанымен, ары қарай бітпей қалған. Енді қазір аудандық прокуратураның бастауымен құжаттарды ішкі аудит мекемесіне тексеруге жіберіп жатыр. Мердігер мекеме телефондарын көтермейді. Біз оларға хат та жібердік. Қазір сот орындаушылар оларды таба алмай, қиындық туғызып жатқан сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!