Ноғайбайлықтар жалға берген жерін қайтара алмай жүр – Жамбыл облысы
Жерімізді қайтарып берсін! Жамбыл облысы, Ноғайбай ауылының жұрты кезінде өздері жалға берген жер телімдерін серіктестіктен ала алмай сергелдеңге түскен. Ауыл халқы сотта бірнеше мәрте жеңіп шыққанымен «Ақтас-Қордай» серіктестігінің басшысы 2 мыңнан астам гектар жерді бергісі жоқ. Оның бұл әрекетінен кейін бұқара «өзімізге тиесілі жер өзгелерге оңды-солды сатылып кетті ме» деп алаңдайды. Жер дауын тілшіміз ы толығырақ айтып берсін.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.10.2020
Ноғайбай ауылының айналасы жайылымдық, шабындық және егістік жерге толы. Бірақ оны пайдалану жергілікті тұрғындар үшін арманға айналып барады. Өйткені жұрт ұзақ жылдан бері өздеріне тиесілі жер телімдерін серіктестік басшысынан қайтара алмай сергелдеңге түскен.
Фарида Асыраубаева, Ноғайбай ауылының тұрғыны:
- 250 гектар жерім бар. Соны ала алмай отырмын. Балаларым өсті. Жер керек бізге, не істеуіміз керек? Мұрагерлігімізді нотариуспен барлығын бір жыл жүріп жасадық. Енді тұрғанымыз мынау. Жерімізді бермейді. Қандай қақысы бар?
23 жыл бұрын осы ауылда «Ақтас-Қордай» серіктестігі құрылып, оған тұрғындар жер үлестерін жалға берген болатын. Енді сол телімдерін алуға ниеттенген халық сотқа жүгініп, шаруа қожалығының басшысын бірнеше мәрте жеңіпті. Бірақ директорға соттың шешімі де шыбын шаққан құрлы әсер етпеген көрінеді. Наразы топ: «Осыдан кейін жеріміздің оңды-солды сатылып кеткеніне сене бастадық», - дейді.
Дәулет Қожаев, Ноғайбай ауылының тұрғыны:
- Спанов біздің ұжымның жылжитын, жылжымайтын мүлкін талан-таражға салып, бәрін аса жемқорлықпен бітірді. 2030 гектар жерді соттың төрт шешімімен жеңіп алдық. Ол қолымызға тимей тұр. Спанов оны қалталы байларға сатып жіберген. Менсіз, қолымсыз 100 гектар жайылым жерді сыртымнан сатып жіберіп отыр.
Қаныбек Спановтың үстінен «сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен қылмыстық іс те қозғалыпты. Бірақ неге екені белгісіз, жақында тергеу тоқтатылып, іс қысқартылған. Ал егін егіп, мал өсіреміз деп құлшынып отырған ауыл жастары не істерін білмей дал.
Мадияр Байдалиев, Ноғайбай ауылының тұрғыны:
- Жерімізді бөліп беріңіз, біз шаруа қожалығын құрамыз деп, Спановқа бардық. Спанов: «не істесеңдер де, оны істеңдер, мен сендерге жерді бермеймін» - деді. Президенттің айтқаны бар: «Ауылды көтеріңдер, ауыл жастары жұмыс істесін». Қалай жұмыс істейміз? Екі-үш адам жерді сатып алып, жұмыс істетпей отыр. Біз енді не істейміз?
Жайылымдық жердің жоқтығы да ағайынның жанына батады. Ноғайбайлықтардың талап-арызын тыңдауға келген аудан әкімінің орынбасары серіктестік басшысының ауруханадан енді шыққанын жеткізді. Жұртты сабырға шақырған шенеунік «жер ешкімге сатылмайды» деп сендірді.
Мырзағали Күзербаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:
- Соттың шешімі орындалады. Бізде жер сатылмайды. Құқықтық жөнінде біз заң жүзінде көмектесеміз. Сот орындаушымен сөйлесеміз. Құқық органдарымен келісеміз. Ол да адам баласы, шақырып сөйлесеміз. Егер арыздарың болса, жерді қайтарып береміз. Оған қам жемеңіздер.
Ауданнан арнайы комиссия құрылып, әкімнің тікелей өзі жер дауына қатысы бар адамдармен кездеспек. Халықпен кездескен аудан атқамінерлері жер мәселесін бір айдың ішінде шешіп беруге уәде берді. Осы уақыттың аралығында жұрт өзіне тиесілі гектар-гектар жерді қайтарып алуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!